Әйелдер құқығы мен балалардың қауіпсіздігіне қатысты заң қашан күшіне енеді

заң
Фото: Мухтор Холдорбеков / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі Динара Закиева әйелдердің құқықтары мен балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгертулердің мәнін түсіндірді. 

Мемлекет басшысы 2022 жылғы 16 наурыздағы және 2023 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған жолдауларында әйелдер мен балаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жазаны қатаңдатуды тапсырған еді. 

«Жалпы заңда екі бағыт бойынша түзетулер көзделген. Біріншіден, отбасыларға көмек ұйымдастыру, қиын жағдайдан шығару функциясын әлеуметтік басқармаға енгіздік. Себебі бұрын әкімдікте бұл функцияға жауапты басқарма болмаған. Қиын жағдайда тұратын отбасыларды, зорлық-зомбылықты анықтап, көмек ұйымдастыру үшін жедел әрекет ету топтары құрылады. Ең маңыздысы – әр ауданда отбасын қолдау орталықтары ашылады. Бұл орталықтар психологиялық, құқықтық, әлеуметтік көмек ұйымдастырады. Жалпы осы нормалар үш жыл бойы пилоттық режимде қолданылады», - деді Д. Зәкиева Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. 

Сонымен бірге заңда ерекше талаптар көзделген. Агрессорлармен психологиялық жұмыс жүргізу, оларды үйден көшіру, балалар арасындағы зорлық-зомбылықты, суицидтік көңіл-күйді, буллингті анықтау үшін және оларға арнайы көмек ұйымдастыру үшін әр облыста Психологиялық қолдау орталықтары ашылады. 

Осы заңда жергілікті жерде бала құқықтары жөніндегі уәкілдерге қатысты түзетулер көзделген. Бұл институт бұрын заңмен бекітілмеген еді. Оған қоса, 111 сенім телефонына қатысты нормалар көзделген. 

Екіншіден, заңда жазаны қатаңдату бойынша біраз түзету көзделген. Ұрып-соғуға және денсаулыққа зиян келтіруге қатысты қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. Орташа және ауыр зиян келтіргені үшін бас бостандығын шектеу жазасы алынып тасталды.

«Балаларға қатысты қылмастар бойынша татуласу рәсімі де алынып тасталды. Бұрын қылмыстардың 30% татуласумен жабылатын. Сонымен қатар, балаларға жыныстық сипатта тиісу деген жаңа бап енгізілді. Себебі бұрын осы әрекеттер үшін жауапкершілік болмаған. Педофилияға тек қана өмір бойы бас бостандығынан айыруды көздедік. Тергеу барысында балаларға жасалған зорлық-зомбылыққа қатысты қылмыстар үшін адамды бірден қамауға алу қарастырылған. Балаларға жасалған буллингке және баланы автобустан шығарып жіберу бойынша әкімшілік жауапкершілік көзделген», - деп түсіндірді спикер. 

Айта кетейік, 15 сәуірде Президент әйел құқығы мен балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін заңдарға қол қойды. 

Соңғы жаңалықтар