Әйелдер күресінен Будапештегі Әлем чемпионатынан Қазақстан құрамасы жалғыз қоламен оралатын болды

АЛМАТЫ. 21 қыркүйек. ҚазАқпарат - Венгрияның Будапешт қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Әлем чемпионатында еркін күресшілер құр қол қайтатын болса, әйелдер құрамасы Екатерина Ларионованың (63 кг) қоласын қанағат тұтатын болды.

Әйелдер күресінен Будапештегі Әлем чемпионатынан Қазақстан құрамасы жалғыз қоламен оралатын болды

Кеше әйелдер күресінен ең соңғы боп бақ сынаған Эльмира Сыздыкова (67 кг) мен Гузель Манюрова (72 кг) команда қоржынына олжа сала алмады. Сондай-ақ грек-рим шеберлерінен бірінші боп жарыс жолына шыққан Нұрсұлтан Қалмырзаев та (55 кг) жүлделі орыннан тыс қалды. Бүгін енді Алмат Кебіспаев (60 кг), Нұрсұлтан Тұрсынов (84 кг), Ерұлан Искаков (96 кг) өз белдесулерін өткізіп жатыр. Ал ертең чемпионаттың соңғы күні өз салмақ дәрежелері бойынша Ербол Қоныратов (66 кг), Асхат Ділмұхамедов (74 кг), Нұрмахан Тыналиев (120 кг) ел үмітін ақтауға тырысады.

Бұған дейін әйелдер күресінен 2012 жыл Канадада өткен Әлем чемпионатында Гузель Манюрова күміс жүлдегер атанса, 2011 жылы Түркияда болған Әлем чемпионатында еркін күресшілер 2 қола медаль, ал грек-рим күресшілері 1 күміс, 1 қола медаль олжалаған болатын.