Әйелдердің зейнет жасын арттырмаса, зейнетақы төлеуге жұмсалатын бюджет шығыстары 2014-2024 жылдары 3 триллион теңгеге өседі - Н. Назарбаев
АСТАНА. 7 маусым. ҚазАқпарат - Ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын теңестіру туралы мәселе қазіргі ең өзекті тақырыпқа айналды.
Бұл туралы бүгін Қазақстан Республикасының Президенті - Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан халқына зейнетақы реформасының мәселелері жөніндегі үндеуінде мәлімдеді.
«Республика Конституциясына сәйкес менің қарауыма Үкімет пен Ұлттық Банк бастамашы болған зейнетақы жүйесі туралы жаңа заңнама келіп түсті. Мен Заңнаманы жақтаушылардың да, оған қарсылық білдірушілердің де дәлел-дәйектерімен жақсы таныспын», - деді Президент Н. Назарбаев.
Оның айтуынша, ерлер мен әйелдердің зейнетке шығу жасын теңестіру туралы мәселе қазіргі ең өзекті тақырыпқа айналды.
«Мұның себебін мен Үкімет пен Ұлттық Банк іс-әрекетінің олқылығынан да көремін. Жалпы, мен Үкімет пен Ұлттық Банктің жаңа зейнетақы заңнамасын халыққа түсіндіру жөніндегі жұмысына оң баға бере алмаймын», - деп атап өтті Елбасы.
Оның сөздерінше, біріншіден, осындай өте маңызды әлеуметтік заң жобасы немқұрайлы қаралды.
Екіншіден, оны халыққа кеңінен насихаттау ісі дұрыс жүргізілген жоқ.
Нәтижесінде, қазақстандықтардың көбі зейнетақы реформасының түпкі мәнін түсінбей қалды.
«Бүгінде зейнетақы заңнамасына өзгерістер енгізу керек екені анық! Бұл - жаһандық үрдіс. Еуропа Одағы мен әлемнің өзге де елдері дағдарыс пен құлдырау жағдайында осылай жасауға мәжбүр болды.
Әйелдердің зейнет жасын арттырудың басты себебі зейнетақы төлеудегі қаражаттың болжамды дефициті және зейнеткерлердің 70%-ін әйелдер құрайтыны болды», - деді Мемлекет басшысы үндеуінде.
Президенттің айтуынша, әйелдердің зейнет жасын арттырмаса, зейнетақы төлеуге жұмсалатын бюджет шығыстары 2014-2024 жылдары 3 триллион теңгеге өседі.
«Бұл мемлекетті зейнетақы төлеуге қауқарсыз етіп, болашақ зейнеткерлер үшін проблемаға айналады. Сондықтан біз бұл мәселені қазірден бастап шешуге тиіспіз», - деді Мемлекет басшысы.