Әйелдерге әрқашан сенім артуға болады - Мәжіліс депутаты Д. Клебанова

  АСТАНА. 8 наурыз. ҚазАқпарат  - Көктемнің алғашқы лебімен ілесе келетін ерекше күннің бірі - 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күні. Тамаша көңіл-күй мен айрықша жылылыққа, мейірімге толы осы күн аналарымызға, жалпы нәзік жандыларға деген құрметті білдіреді.

Әйелдерге әрқашан сенім артуға болады - Мәжіліс депутаты Д. Клебанова

Әйел - бұл қашаннан отбасының ұйытқысы. Ал Отан отбасынан басталатынын ескерсек, әйелдің өмірдегі, қоғамдағы, мемлекеттегі алар орны ерекше. Осынау қастерлі мерекеге орай Парламент Мәжілісінің депутаты Дарья Клебановамен болған аз-кем әңгімені оқырман қауымға ұсынбақпыз.

- Дарья Владимировна, Сіздің ойыңызша қазақстандықтардың өмірінде Халықаралық әйелдер күні қаншалықты маңызды орын алады?

- Менің ойымша, біз осындай керемет мерекенің дәстүрін өзімізде сақтап қалғанымыз аса дұрыс шешім болды. Әрине, әйелдің қоғамдағы, тіпті мемлекет ісіндегі орны да, рөлі де ерекше. Бұл еш дау тудырмасы анық. Дегенмен, мен осынау халықаралық мереке әйелдерден гөрі ер азаматтардың күнделікті тіршілігінде ерекше мәнге ие болады деп ойлаймын. Өйткені басқасын қайдам, мен үшін дәл осы күні ер азаматтар өздерін нағыз серілерше сезінетінге ұқсайды. Сол үшін ер азаматтарға нәзік жандылардың есінен кетпес дүниені сыйлауға тырысатындай мүмкіндік туатыны байқалады.

- Жалпылама әңгімеге келсек. Гендерлік саясатқа қатысты Мемлекет басшысының биліктің барлық тармақтарына, бизнес пен басқа да салаларда әйел өкілдерінің үлесін арттыру туралы тапсырмалары қалай жүзеге асып жатыр деп ойлайсыз?

- Басқасын айтпай-ақ, Мәжілістің қазіргі  қызмет етіп жатқан бесінші сайланған құрамының өзі әйелдер үлесінің әлдеқайда артқанын көрсетеді. Яғни мемлекеттің гендерлік саясаттағы ұстанымы елімізде уақытылы жүзеге асып жатыр. Дегенмен, бұнда ескеретін мәселе баршылық. Мысалы, шаруашылықтың, жалпы қызметтің кейбір салаларында, кейбір шаруашылық бағыттар бойынша әйелдердің өздері араласуды құп көрмейтін дүниелері болып тұрады. Яғни, кейбір салаларда әйелдердің өздері гендерлік теңдіктің болғанын тіпті қаламайтын да жағдайлар орын алады. Бұл әрине әркімнің өз құқығына байланысты екені даусыз. Ал жалпы алғанда біздің елімізде гендерлік бағыттағы саясат көңілден шығады. Біздің осы тұрғыдағы заңнамалық тетік те жақсы қамтылған. Халықаралық нормалармен сәйкестендіру де жүріп жатыр. Дегенмен, айта кететін тағы бір мәселе, қандай да бір себептермен, қандай да бір жекелеген кәсіпорын басшылары  әйелдерге қатысты кемсітушілікке жол беріп отыратыны жасырын емес. Әйткенмен ондай жағдай үшін бізде қабылданған заң бар. Әйелдер осы заң шеңберінде өздерінің құқын сотта қорғай алады. Менің ойымша, құқықтық қатынастарда сауатты азаматтар ондайға ешқашан жол бермеулері қажет. Бұл тұрғыда әсіресе нәзік жандылардың құқы мейлінше қорғалғаны абзал.  

Айта кетерлік тағы бір жайт, гендерлік саясаттың өзі қоғамның саналы ықпалымен өздігінен дамитын табиғи үдеріс болғаны дұрыс секілді.  Әйелдер де, ер азаматтар да кемсітушілікке ұшырамай, өздері қалайтын, ұнайтын  іспен айналысуына еш кедергі болмағаны жөн. Ал бір ғана гендерлік саясатта жағымды нәтижеге қол жеткізу үшін қандай да бір квоталарды орнату, әйтпесе қандай да бір артықшылықтар қарастыру демократияға тән құбылыс емес. Осыны есте сақтау керек. «Мында елу пайыз, анда мынша пайыз...» деп жоғарыдан тапсырма беру арқылы мәселе шешімін таппайды. Бұлай істеуге де болмайды. Ал заңға сәйкес, біз әйелдер ер азаматтармен тең құқылымыз. Солай болуға да ұмтылуымыз керек. Мысалы ұшқыштар арасында неге нәзік жандылар аз? Оларды қабылдағысы келмей ме, сонда? Егер оларды қабылдамаса, яғни әйел заты сынақтан сәтті өтіп, тек әйелдер қауымынан болғандығы үшін ғана оны қабылдамаса - онда сол әйел өзінің құқын сотта қорғасын. Олай істеуге толық болады.

Мен біздің Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев әрқашан әйелдерді қолдап отыратынын атап өткім келеді. Нәзік жандылардың өкілдерін арттыруды үнемі Мемлекет басшысы қолдап келеді. Әйелдер қауымына әрқашан сенуге болатынын да Президент ұдайы көтеріп жүр.   

- Әйелдердің зейнеткерлік жасын көтеру туралы мәселе қоғамда аракідік көтеріліп қалады. Бұған қалай қарайсыз?

- Ең алдымен айтарым: егер қандай да бір азамат жұмыс істегісі келсе, оған мүмкіндігі болса, онда ондай азаматтарға тек барынша жағдай жасап беруге міндеттіміз. Алайда зейнет жасындағы әйелдер бар, оларға да зейнеттік жағдай керек. Оны да заң арқылы реттеген ләзім. Мәселен, егер өзі қалап тұрса, денсаулығы бұны көтерсе неге зейнет жасындағы әйелдерге толық емес жұмыс күнін ұйымдастырмаймыз?! Егер әйелдер қай жаста болмасын, өздері бос отырғанды қаламай, жұмысқа араласқысы келсе, оған  толық қолдау болуы шарт. Мен бұны қолдаймын. Ал зейнет жасын көтеруге мен түбегейлі қарсымын.

- Біздің қымбатты әйелдерімізге деген Сіздің тілегіңізді естісек?

- Барлық қазақстандық ханымдарды құттықтап, оларға денсаулық пен бақыт тілегім келеді.  Әрине осы мереке арқылы ер азаматтарды да құттықтаймын. Жоғарыда атап өткенімдей, 8-наурыз әйелдерге қарағанда ер азаматтар үшін ерекше күн. Өйткені осы мерекенің ерекше қасиеті бар. Ал әйел затына үлкен махаббат тілеймін!

- Әңгімеңізге рақмет! Сізді де мерекеңізбен!