Әйелдің қызымен бірге 3-қабаттан секіру оқиғасы: Сот полицейлерге үкім шығарды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Өткен жылдың қазан айында Ақтауда қызымен бірге үшінші қабаттан жастық құшақтап секіріп кеткен әйелдің ісіне қатысты сот процесі аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
2017 жылы 17 қазан күні кешке қарай 11-ықшамаудандағы 29-үйдің түбінде ес-түссіз жатқан әйел мен жас қызды тұрғындар байқап қалып, жедел жәрдем шақырған. Мәлім болғандай, үстінен ұрлық фактісі бойынша іс қозғалған азаматшаны Шымкент қаласы ІІБ-нің екі қызметкері Ақтауда жүрген жерінен ұстап, алып кетпек болған. Ол қызымен бірге полицейлерден қашып, пәтер терезесінен секіріп кеткен. Осы оқиғаға қатысты полицейлердің үстінен іс қозғалған болатын.
Маңғыстау облысы Ақтау қалалық сотында қоғамның наразылығын тудырған қылмыстық іс бойынша Шымкент қаласы ІІБ-нің екі қызметкеріне қатысты үкім жарияланды.
Сотта анықталғандай, Шымкент қаласы ІІБ-нің екі қызметкері Оңтүстік Қазақстан облысы Ішкі істер бөлімінде Қылмыстық Кодекстің 188-бабының 3-бөлігімен қозғалған қылмыстық іс бойынша күдікті азаматшаны Шымкент қаласына жеткізу мақсатында Ақтау қаласына іссапармен келген. Олар күдікті мен оның кәмелетке толмаған қызын тауып, ұшақпен жолға шыққанға дейін қала орталығындағы пәтерге орналастырған.
Күдікті полиция қызметкерлерінің әрекеттерінен және жауапкершілікке тартылу қаупінен қорқып, қызымен бірге 3-қабаттағы пәтердің терезесінен секіріп кеткен. Кейін Маңғыстау облыстық ауруханасына жеткізілген.
Сот-медициналық сараптамаға сәйкес, күдіктінің денсаулығына орташа дәрежеде зиян келтірілген.
Сот талқылауы барысында полиция қызметкерлерінің күдікті мен оның кәмелетке толмаған қызына физикалық және психикалық қысым көрсетпегені дәлелденді. Күдікті сотқа қатысудан бас тартып, жазбаша берген арызында өзіне ешқандай күш көрсетілмегенін, мәжбүрлеп тергеуге жеткізу туралы қаулымен танысқан соң, жауапқа тартылудан қорқып, қашуға оқталғанын, өздерінің абайсыздықтарынан дене жарақаттарын алғандарын көрсеткен.
Іс құжаттарына сәйкес күдіктіге қатысты 2017 жылы Алматы және Шымкент қалаларында қылмыстық істер қозғалған.
Сот екі полиция қызметкерлеріне қатысты Қылмыстық Кодекстің 362-бабының 2-бөлігімен тағылған айып толық дәлелін таппағандықтан, оларға қатысты ақтау үкімін шығарды.
Ақтау үкімі заңды күшіне енген жоқ.