Әйелін пышақтап өлтірген елорда тұрғыны ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Полиция қызметкерлері әйелін өлтірген ер адамды ізін суытпай ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әйелін пышақтап өлтірген елорда тұрғыны ұсталды

28 сәуір сағат 14.31-де «102» нөміріне қоңырау шалынып, Тәуелсіздік көшесіндегі тұрғын үйлердің сатысында пышақталған әйелдің денесі жатқаны туралы хабарланды. 1982 жылғы Белоус Надежда қалалық ауруханаға жеткізіліп, сағат 16:10-да алған жарақатынан қайтыс болды.

Полиция қызметкерлері әйелдің күйеуі - 1992 жылы дүниеге келген Белоус Ростиславты ізін суытпай ұстады. Аталған фактімен ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті азамат уақытша қамалды.

«Қылмысқа ерлі-зайыптылар арасындағы қызғаныш себеп болған. Бұл жұп 2017 жылы үйленген, бірақ 2020 жылдың басынан бері бірге тұрмаған. Екеуі әйелдің бірінші некесінен туған 2011 жылғы бала мен 2018 жылы дүниеге келген ортақ баланы тәрбиелеген. Қазіргі кезде кәмелет жасына толмаған балалар өлген әйелдің әпкесінің қолында» делінген ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.

Полиция департаментінің мәліметінше, бұл - карантин кезеңінде болған отбасылық-тұрмыстық қатынас саласында жалғыз аса ауыр қылмыс.