Әйелін балтамен шапқан: жәбірленушінің жағдайы белгілі болды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысы Шиелі ауданының Бала би ауылында әйелінің қолын балталап тастады деген күдікпен 44 жастағы ер адам қамауға алынды. 

Әйелін балтамен ұрған: дәрігерлер жәбірленушінің жағдайы туралы тың дерекпен бөлісті
Фото: freepik.com

Күдікті балтамен әйелін бірнеше рет ұрып, саусақтарын шапқан. Бұл бойынша Қылмыстық кодекстің «адам өлтіруге оқталу» бабымен іс қозғалды.

— Полиция адам өлтіруге оқталу дерегі бойынша күдіктіні ізін суытпай ұстады. Қазір ол уақытша ұстау изоляторында. Тергеу амалдары жалғасып жатыр. Өзге мәлімет жарияланбайды. Қылмыстық іс департамент басшылығының бақылауында, — деді Қызылорда облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Сейітмұрат Төлепов. 

Күдіктінің ауыл мектебінде 20 жылдан астам уақыттан бері мұғалім болып жұмыс істейтіні анықталды. Қылмыс оның үйінде болған.

Жапа шеккен 1983 жылғы келіншек дереу жансақтау бөліміне жеткізілген. Жергілікті дәрігерлерге облыс орталығынан санавиациямен әріптестері барып көмектескен. 

Ақ халаттылар әйелдің әлі беті бері қарамағанын айтып отыр. 

— Жәбірленуші өткен сенбіден бері жансақтау бөлімінде жатыр. Жағдайы ауыр, қалыпты. Оған политравма диагнозы қойылды. Миына зақым келген, саусақтарын, білегін шапқан. Басынан ұрған. Маңдай сүйегі, үш саусағы, шынтақ сүйегі сынған. Түскен бойда ота жасап, сынықтарды орнына келтірдік. Алдағы уақытта жақ сүйегіне ота жасамақпыз, — деді Шиелі аудандық көпбейінді ауруханасының бас дәрігері Алмас Әбілпатта. 

Қылмыстың туындауына қызғаныш, тұрмыстық жанжал себеп болуы мүмкін деген болжам бар. Дегенмен бұл дерек әзір расталған жоқ. 

— Қызылорда облыстық полиция департаментінің отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бөлімі тарапынан бұл бағыттағы профилактикалық жұмыс үздіксіз жүргізіліп келеді, — делінген ведомствоның ресми жауабында. 

Айта кетейік, күдікті мен жәбірленушінің бес баласы бар. 

Елімізде жыл сайын полицияға тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы 100 мыңнан астам хабарлама түседі екен.

Соңғы жаңалықтар