Айға қонған Армстронгтың бұйымдары аукционға шығарылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алғаш Айға қонған адам Нил Армстронгтың бұйымдары аукционға шығарылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат  euronews.com-ға сілтеме жасап.

Айға қонған Армстронгтың бұйымдары аукционға шығарылды

Аукционға шығарылған заттардың арасында ғарышкердің скафандры, медальдары, фотосуреттері, жазбалары - жалпы екі мыңға жуық бұйым бар.

2012 жылы өмірден озған аты аңызға айналған ғарышкердің бұйымдарын аукционға оның отбасы шығарып отыр.

Heritage Auctions аукцион үйінің президенті Грег Роанның айтуынша, Нил Армстронгтың жеке мүліктеріне еш нәрсе тең келмейді. Өйткені ол Айға табаны тиген алғашқы адам. Сондықтан да оны барлық ғарышкерлер ерекше құрметтеген.

Еске сала кетсек, 1969 жылғы 20 шілдеде америкалық астронавтар Нил Армстронг пен Базз Олдрин «Аполлон-11» ғарыш кемесімен Айға ұшқан болатын. Сол уақытта Армстронгтың ғарыш кемесінен шығып, екі сағаттан астам уақыт бойы Айда жүргенін тікелей эфирден миллиондаған адам тамашалаған еді.