Айға жасанды адамдар ұшып жатыр
АСТАНА. 23 қыркүйек. Қазақпарат - АҚШ-тың Ұлттық ғарыш агенттігі аспанға адам тәріздес роботтарды ұшырмақ. Бұл салаға арнап 2,7 миллион қаржы бөлінді.
Baq.kz ақпараттық порталының хабарлауынша, айға жасанды адамды ұшыру жобасын NASA агенттігі мен АҚШ-тың Ұлттық ғылыми қоры бірлесіп жасаған. Қазірдің өзінде роботтарды жасауға арналған сегіз жоба өз ісін бастап кетті. Оған 150 мың және 1 миллион АҚШ доллары көлемінде грант бөлінбек. Олардың ішінде ғарышта қауіпті жағдай туған кезде оған төтеп бере алатын, адамның орнын ауыстыратын қаңқа-роботтар жұмыс істейді. Мамандардың сөзіне сенсек, қаңқа-құлтемірлердің «терісі» кез келген ауа райына төтеп береді, жыртылмайды, қатты қызғанда күймейді, өзі жеңіл қозғалып, кәдімгі адам кіре алмайтын жерге кіріп, майда-шүйде жұмыстарды атқара береді. «Бұл жобаға біз үлкен үміт артып отырмыз. Өйткені 2025 жылы қауіпті астероид жерді жанап өтеді, оның зардабы үлкен болуы мүмкін. Сондықтан астероидті алдын ала зерттеуіміз қажет. Екіншіден, 2035 жылы біз Марсқа сапар шегеміз», - дейді NASA агенттігінің технология жөніндегі директоры Мэйсон Пек. Айта кетейік, мұндай жоба АҚШ-та бұрыннан бері қолға алынып келеді. 2011 жылы «Жұлдызды соғыс» фильміндегі кейіпкердің атымен аталған Robonaut 2 (R2) халықаралық ғарыш стансысына жіберілгені белгілі. Оған 40-қа жуық тетік пен реттегіш орнатылған, құлтемір арнайы сынақ, тәжірибе ретінде стансыда жұмыс істеп жатыр. Атап айтар болсақ, ол ыдыс жуып, «ғарыш кемесінің» ішін тазартады, ауасүзгіш жабдығын ауыстырып отырады. Алдағы уақытта ол ғарыштың ашық кеңістігіне шығып, жөндеу жұмыстарына қатысып, ғарышкерлерге көмектеспек.
Алаш айнасы