Әйгілі Dior моделі - қазақ қызы Алла Ильчун туралы кітап жарық көрді

Әлемге әйгілі француз дизайнері Кристиан Диордың моделі Алла Ильчунның өмірі баяндалған бұл кітапты «Франциядағы қазақстандықтар қауымдастығының» төрағасы, экономист Берлин Иришев жазған.
«Кітаптың авторы Берлин Кенжетайұлына үлкен алғыс айтқым келеді. Берлин Иришев тәуелсіз Қазақстанның банк жүйесіндегі алғашқы жетекшілердің бірі болған. Кейінірек ұзақ жыл шет мемлекетте жұмыс істеді, Франциядағы Қазақстан өкілі болды. Қазақстанның мәдениетіне де үлкен үлес қосып жүр», - деді ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында өткен тұсаукесерде.
Автордың өзі дүниежүзілік сән әлеміне танылған тұңғыш азиялық және тұңғыш қазақ қызы туралы қоғамның хабарсыз екенін жеткізді.
«Кристиан Диормен жұмыс істегенде, Алла Ильчунге бүкіл әлем тамсанып қараған. Ол киіп шыққан киімдер көз ілеспес жылдамдықпен сатылып кететін. Фотомодель болып жүрген 20 жылда Алла Ильчунді әлем халқы қытай деп ойлап келді. Себебі, ол Харбинде дүниеге келген, аумалы-төкпелі 1930-жылдары Парижге көшкен. Бірақ, өмірінің соңғы жылдары модель журналистерге берген сұхбатында әкесінің қазақ екенін, Қуантхан Елшіннің қызы екенін мәлімдеген», - дейді автор.
Кітап қауымдастық мүшелерінің қаражатына жарық көрген және бастамашыл топ Алла Ильчун туралы ағылшын, француз, орыс тілдерінде жарық көрген мақалаларды жинаған.
«Мәлімет іздеу барысында Кристиан Диор мен Ив Сен Лоран сән үйлерімен байналыс орнаттық. Алла Ильчуннің қабірін тауып, жалғыз ұлы Марк Жост де Дюльменмен кездестік. Модельдің ұлы бұған дейін беймәлім болып келген деректермен және отбасылық фотосуреттермен бөлісті. Мұның барлығы жаңа кітапқа енгізілген», - дейді Б. Иришев.
Автордың айтуынша, әзірге 2,5 мың дана кітап орыс тілінде шығарылды. Алдағы уақытта бұл еңбек француз және қазақ тіліне аудару жоспарланып отыр. Одан бөлек, франциялық-италиялық шығармашылық топ Алла Ильчун туралы көркем фильм түсіруді ұсынып отыр.