Әйгілі Дю Солей циркі Астанада өнер көрсетті

АСТАНА. KAZINFORM – Астанадағы Barys Arena сахнасында әлемге әйгілі du Soleil циркінің OVO атты шоуы көрсетілді. Қазақстан алғаш рет компанияның ең танымал қойылымдарының бірінің әлемдік гастрольдік бағытына енді. Бұл шоу 17 жылдық тарихында әлемнің 50-ге жуық елінде 10 миллионнан астам көрерменге ұсынылған.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Жануардан бас тартқан алғашқы цирк

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Cirque du Soleil – көшедегі труппадан әлемдік сахна империясына айналған ерекше мәдени құбылыс. Оның тарихы 1980-жылдардың басында Канаданың Квебек қаласында басталды. Өзінің 42 жылдық тарихында бұл цирк Қазақстанға екінші рет келіп отыр. Алғаш рет әйгілі ұжым елімізде EXPO-2017 халықаралық көрмесі кезінде өнер көрсеткен болатын.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Cirque du Soleil сахнадан жануарларды толық алып тастап, цирк өнеріндегі ең ірі революцияны жасады. Бұл шешім компанияның бастапқы кезеңінен-ақ қабылданып, циркті тек адам мүмкіндігіне, акробатика мен театрлық өнерге сүйенген жаңа форматқа өзгертті. Нәтижесінде олар дәстүрлі цирк ұғымын түбегейлі өзгертті. Мұнда классикалық «номерлер тізбегі» емес, тұтас сюжеттік спектакль ұсынылады. Осылайша цирк өз бағдарламасында би, театр, акробатика, жанды музыканы тоғыстырып, «трюктерді көру» формасынан «визуалды театрға» айналды.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бүгінде компанияның атағы әлемге тарады, олардың қойылымдарын әлемнің 450-ден астам қаласында жүздеген миллион көрермен тамашалаған. Ал Лас-Вегаста Cirque du Soleil тұрақты шоу қойылымдарын жүргізіп, үлкен сахналық индустрия құрды. Труппаның ерекшеліктерінің бірі – орындаушылардың кәсіби деңгейі. Артистердің елеулі бөлігі бұрынғы спортшылар: гимнасттар, акробаттар және синхронды жүзушілер. Олар күн сайын ұзақ жаттығулар жасап, кейде репетиция алдында 1,5 сағаттық қыздыру жаттығуларын орындайды.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Компанияның кейбір қойылымдарының бюджеті Голливуд блокбастерлерімен теңеседі. Мысалы, «KÀ» шоуының құны шамамен 165 миллион долларды құраған. Сонымен қатар, барлық спектакльде міндетті түрде жанды музыка ойнап, авторлық туындылар жазылады. Қауіпсіздік пен технология дамығанына қарамастан, шоудағы акробатикалық элементтер еш сақтандырусыз жасалады.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бүгінде компанияда 80-нен астам ұлттың 4 мыңнан астам қызметкері, соның ішінде 1 200 әртіс жұмыс істейді. 2026 жылы Cirque du Soleil бір уақытта 17 шоу көрсетуді жоспарлап отыр.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Шоу не туралы

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Cirque du Soleil-дің ең танымал қойылымдарының бірі – «OVO», ол португал тілінен аударғанда «жұмыртқа» деген мағынаны білдіреді. Шоудың негізгі идеясы – жұмбақ жұмыртқаның пайда болуы арқылы жәндіктер әлеміндегі оқиғалар мен олардың арасындағы махаббат хикаясын көрсету. Бұл – жеңіл, қызықты, отбасылық оқиға, бірақ терең мағынаға ие. Көрермендер аз уақытқа шынайы өмірден алыстап, 2,5 сағат бойы қиял-ғажайып әлемге еніп, ерекше әсер алады.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«OVO» шоуы ерекше акробатикалық элементтерімен танымал. Солардың бірі – керілген арқандағы трюк. Бұл нөмірде әртіс әдеттегідей бекітілген құрылымда емес, алып қозғалмалы жапырақтың үстінде өнер көрсетті, бұл қойылымның күрделілігін бірнеше есе арттырды.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Шоудағы тағы бір ерекше көріністі моңғолиялық конторсионист орындайды. Ол денесін өте күрделі қалыптарға келтіріп, бүкіл салмағын тек тісі арқылы ұстап тұратын трюктер көрсетеді. Сонымен бірге, жапон әртісі ультракүлгін бояумен толық қараңғылықта визуалды әсері ерекше нөмір көрсетті.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Екі сағаттық қойылымда көрермендер көбелектердің әуедегі дуэтін, шегірткелердің трамплин арқылы қабырғаға секіруін және скарабейлердің әуедегі нөмірін тамашалады. Мұнда әртістер алты метрлік қашықтықтағы платформалар арасында бір-бірін лақтырып, адам трапециясына ұқсас күрделі акробатиканы орындайды.

«OVO» қойылымында музыкалық сүйемелге ерекше мән берілген. Шоуға арналған барлық музыка арнайы жазылған және оркестр мен вокалистер жанды дауыста орындайды.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Cirque du Soleil әлемнің түкпір-түкпірінен әртістерді біріктіреді. Айта кетерлігі, бұл қойылымға 25 елден келген 53 әртіс қатысады, олар 17 түрлі тілде сөйлейді. Олардың арасында Олимпиада қатысушылары, халықаралық чемпиондар, кәсіби акробаттар, жеті адамдық тірі музыкалық топ, вокалист және үш клоун бар.

Қойылым келіссөздері 1,5 жыл жүргізілген

Қазақстандағы қойылымды ұйымдастырушылар Астана мен Алматыда аншлаг болады деп күтуде. Жобаның ұйымдастырушысы Виктория Торгунакованың айтуынша, бүгінге дейін шамамен 20 мың билет сатылған.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

– Біз Алматы мен Астанада барлық күндер бойынша жалпы 35 мың көрермен келеді деп жоспарлап отырмыз. Әр қалада жеті қойылымнан өтеді: жұмыс күндері кешкі көрсетілімдер, ал демалыс күндері таңғы, күндізгі және кешкі сеанстар ұйымдастырылады. Әр шоудың сыйымдылығы шамамен 5 мың көрерменді құрайды – деді В. Торгунакова журналистерге.

Ол гастрольдік сапарларды ұйымдастыруға дайындық 1,5 жылдан астам уақытқа созылғанын атап өтті.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

– Бүгінде Астана мен Алматыда цирктің талаптарына толық сәйкес келетін екі алаң бар. Ақпан айында біз Cirque du Soleil инженерлерімен бірге нысандарды тексердік. Құрылымдардың жүк көтерімділігі, инженерлік жүйелердің тұрақтылығы, электрмен жабдықтау мен интернет байланысының сенімділігі тексерілді. Тек инженерлердің оң қорытындысынан кейін ғана шоу өткізу және билет сатуды бастау туралы шешім қабылданды, – деді ұйымдастырушы.

Спикердің айтуынша, Қазақстан тарихында бұған дейін мұндай ауқымды іс-шара болған емес: барлық жабдықты, декорацияларды және әртістердің сахналық бейнесін жасауға қажетті заттарды тасымалдау үшін кемінде екі жүк Boeing ұшағын тартуға тура келді.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

– Біз Қазақстанға 200 мың килограмнан астам, яғни 200 тоннадан аса жүк әкелдік. Барлық кір жуу, үтіктеу, ас әзірлеу, киім тігу қызметтері мен жабдықтарын өзімізбен алып жүреміз. Мәселен, ұшақтардың біреуі жартылай ас үй жабдықтарымен толтырылған. Яғни, белгіленген мәзір бойынша ас дайындалады. Мұндай күрделі жанрдағы әртістер үшін ас қорыту жүйесінің дұрыс жұмыс істеуі өте маңызды. Әртістерге дәстүрлі жергілікті тағамнан дәм татырғымыз келген, бірақ олар диета сақтайтындықтан, сыпайы түрде бас тартты. Екіншіден, өте қатаң кесте бар. Өйткені жаттығулар мен репетициялар үздіксіз жүреді, сондықтан бұл – ең қолайлы формат, – дейді ұйымдастырушы.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

«OVO» шоуы Астанада 7 маусымға дейін жалғасады. Одан кейін алғаш рет Алматыға көшіп, 11-14 маусым аралығында «Алматы Аренада» өтеді. Қазақстан бойынша жалпы 14 қойылым жоспарланған.

Осыған дейін Қазақстанға әйгілі Cirque du Soleil ұжымы келгені туралы жаздық.

Cirque du Soleil
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform