Айгүл Абжалиева, 4 баланың анасы: Алғашқы әлеуметтік көмекті қызымыздың отасына жұмсаймыз

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Астаналық көпбалалы ана Айгүл Абжалиева 4 балаға 97800 теңге атаулы әлеуметтік көмек алған. Бір баласы науқас отбасыға қалалық әкімдік арнайы жатақхана да ұсыныпты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Айгүл Абжалиева, 4 баланың анасы: Алғашқы әлеуметтік көмекті қызымыздың отасына жұмсаймыз

Айгүл Тұрарқызының айтуынша, үйдің отағасы тұрақты жұмыста жоқ. Ал 4 баланың біріне ота жасау қажет. Жаңартылған форматтағы атаулы әлеуметтік көмек осындай қиын сәтте көпбалалы отбасыға үлкен демеу болған.

«Қызымызды Алматыға отаға апару керек. Соның жолына қаражатты қайдан аламыз деп жүр едік. 29 сәуірде алғашқы әлеуметтік көмек қолымызға тиді. 97800 теңгені сол ота шығындарына жұмсаймыз» - дейді астаналық ана.

Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі аталмыш жанұяда науқас бала бар екенін білгеннен кейін ақысыз негізде жатақхана ұсыныпты.

«Астанаға келгенімізге биыл 9 жыл болады. Қызымыз науқасқа шалдыққанда қала әкімдігі арнайы жатақханаға орналастырған. Қазір сонда тұрып жатырмыз. Тек коммуналдық қызмет ақысын ғана төлейміз. Жатақханамыз жайлы. Оңаша дәретхана мен жуынатын бөлмесі де бар», - дейді Айгүл Абжалиева.

Сәуір айының соңында елордалық көпбалалы отбасыларға атаулы әлеуметтік көмек төлене бастағанын хабарлағанбыз.