Айгүл Мүкей жаңа телебағдарламасында өңірлерді аралайды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстанның танымал тележурналистері Айгүл Мүкей мен Сәнді Сұлтан Jibek joly арнасында «Түнгі студия» бағдарламасында отандық журналистикадағы жаңа өзгерістер туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айгүл Мүкей жаңа телебағдарламасында өңірлерді аралайды

Айта кетейік, 28 маусым – елімізде бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлерінің, сонымен бірге байланыс саласы мамандарының кәсіби мерекесі.

Өз сөзінде Айгүл Мүкей журналистика саласына 30 жыл бұрын келгенін және сол кездегі телевизия мен қазіргі сала арасында айырмашылық үлкен екенін жеткізді.

«Басымнан өткен қызық оқиға есіме түсіп отыр. Шамамен 2004-2005 жылдары жылы кешкі жаңалықтарды 4-5 адам жүргіздік. Негізгі жаңалықтарды мен оқимын, шетелдік хабарды – тағы бір диктор, одан кейін – спорт, одан кейін – ауа райы болып жалғасып кете беретін. Кезекті бір эфир алдында әріптестеріме анекдот айтып берген едім. Студияда қыран-топан күлкі, тікелей эфир басталғалы жатса да, күлкілерін тыя алмады. Жалғыз өзім ғана байсалды кейіпте болдым, сол күні басшылықтан ескерту алдым. Қазір жаңалықтар форматы өзгеріссіз қалды, бірақ басқа бағдарламалар түбегейлі өзгерді. «Түнгі студия» секілді бағдарламалар нағыз классикаға айналып кетті, дегенмен ұрыс-керіс, дау-дамайға толы ток-шоулар да көбейіп кетті», - деді ол.

Сонымен бірге, Айгүл Мүкей Jibek joly телеарнасындағы жаңа жобасы туралы айтып берді.

«Осы маусымда «Без прикрас» атты авторлық жобам жүріп жатыр. Бірақ келесі маусымда оның форматын өзгертеміз. Жаңа маусымда бұл бағдарлама басқаша боп шығады. Үлкен автобуспен өңірлерге шығамыз, ел аралаймыз, адамдардың образын өзгертеміз. Соған қызу дайындық жүріп жатыр», - деді журналист.

Ал Сәнді Сұлтанның айтуынша, қазіргі телевизия барынша еркін, бұрынғыдай стандарттар мен қатаң талаптар қойылмайды.

«Қазір түрлі дауыс бар, басты назар ақылыңа, білім көкжиегіңе қойылады, сұлу болу міндетті емес, тартымды болсаң жеткілікті. Мен журналист болғысы келетін жастарға сабақ беремін, сондағы журналист болуды армандайтын жастардың өздері теледидар көрмейді. Сүйікті тележүргізушілерің кім деп сұрасам, жауап бере алмайды. Интернетке көштік десе де, сол интернетте де телевизиялық өнімді тұтынып отырмыз. Телевизия мамандары сапалы өнімдерін Youtube желісіне жүктейді», - дейді С. Сұлтан.

Тәжірибелі журналистер тікелей эфирді көбейтуге кеңес берді. Шоу мен сериалдан басқаның бәрі тікелей эфирде көрсетілуі керегін, тілшілер оұиға орнынан ең өзекті көріністі жеткізе алуы қажеттігін айтты.