«Айқын» бақылау жүйесi 2015 жылы барлық елдi қамтитын болады
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылға дейiн "Айқын" бақылау жүйесi елiмiздiң барлық мемлекеттiк органдарын аудандық деңгейге дейiн түгелдей қамтитын болады. Бұл туралы бүгiн Астанада ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөнiндегi комитеттің төрайымы Сәуле Айтбаева мәлiм еттi.
Жобаның ерекшелiгi сонда, ол арқылы азаматтар мен ұйымдар алғаш рет интернет арқылы өз өтiнiштерi мен арыз-шағымдарының қаралу барысын қадағалап отырады. "Айқын" жобасы Қазақстанда 2011 жылы құрыла бастады. Ал 2014 жылдың қаңтарынан бастап, барлық облыстық мәслихаттар мен облыстық деңгейдегi мемлекеттiк органдарға енгiзiлдi. "Оның механизмi өте қарапайым - өзi тiкелей апарып өтiнiш тапсырған кез келген азамат немесе заңды тұлға дербес нөмiрi бар талон алып, ол арқылы бiздiң сайттан өз арызының бүкiл қаралу барысын - орындаушысы кiм, қашан тiркелдi, қашан жауап берiлдi - осыларды түгелдей қадағалап отырады", - дедi С. Айтбаева. Қазiргi уақытта "Айқын" жүйесiне орталық мемлекеттiк органдар және облыстық әкiмшiлiктерден бастап, олардың қалалық буындағы бөлiмшелерiне дейiнгi әр деңгейдегi 1673 мемлекеттiк орган қосылған. "Азаматтар өз өтiнiштерiн көбiне пошта арқылы жiбередi. Бiз мұны да ескерiп, бүгiнгi күнi өз хатын тапсырыс бойынша жiберген азаматтарға талон беру жайын "Қазпошта" акционерлiк қоғамымен келiсiп жатырмыз", - деп атап өттi комитет төрағасы.