«Айқын» жобасы азаматтардың өтініштерін мемлекеттік органдардың нақты уақыт тәртібінде қарау барысын бақылап отыруға мүмкіндік береді - ҚР Бас прокуратурасы

АСТАНА. 3 шілде. ҚазАқпарат - Бүгін Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінде ведомство төрағасы С.Айтбаеваның қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.

«Айқын» жобасы азаматтардың  өтініштерін мемлекеттік органдардың нақты уақыт тәртібінде қарау барысын бақылап отыруға мүмкіндік береді - ҚР Бас прокуратурасы

Брифинг барысында С.Айтбаева  БАҚ өкілдеріне Бас прокуратураның «Айқын» кезекті инновациялық жобасының республика бойынша кезең-кезеңімен енгізілуі туралы хабарлады.

Азаматтардың өтініштерімен жұмыс биліктің халықпен өзара іс-қимылының маңызды нысаны болып табылады. Өкінішке орай қазіргі уақытта жұмыс істеп тұрған жүйемен өтініш берушіге жедел, ал кейде сапалы ақпарат беру әрдайым мүмкін емес. Оған мынадай  статистикалық деректер дәлел.

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, республика бойынша 2011 жылы жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік органдарға 20,5 миллион өтініш берсе, олардың 14 657-нің қаралу мерзімі сақталмаған.

Ал үстіміздегі жылдың 1-ші тоқсанында жеке және заңды тұлғалар мемлекеттік органдарға 4 миллионнан астам өтініш берген, олардың 1 272-нің қаралу мерзімі бұзылған. 

Еліміздегі заңдылықты және құқық тәртібін қамтамасыз ету шеңберінде Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті өтініштердің қаралу барысының айқындылығын, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық әрекеттерге алғышарт ретіндегі шенеуніктер мен азаматтардың жеке қарым-қатынасын болдырмауды көздейтін «Айқын» жобасын әзірледі.

Бұл жоба жеке және заңды тұлғалардың өз өтініштерін мемлекеттік органдардың нақты уақыт тәртібінде қарау барысын бақылап отыруға мүмкіндік береді. Мысалы, әркім өз өтініші бойынша құжаттың жылжуымен қатар, қарау мерзімдерінің бұзылу деректерін де қоса бақылай алады.

Жаңа жобаның мақсаты мемлекеттік органдардың жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау жөніндегі жұмысын нақты уақыт режимде тұрақты түрде жұртшылықтың бақылауын және прокуратура органдарының қадағалауын жүзеге асыру болып табылады.

Өткен жылы «Айқын» жобасы бойынша Ақмола облысы әкімдігінің құрылымдық бөлімшелерінде арнайы сынақ жүргізілді. Көкшетау қаласының әкімдігіндегі ілкі тәжірибе барысында мемлекеттік органға жүгініп, талон алған 6 жарым мыңнан астам адамның 70%-ы  «Айқын» жүйесі арқылы өздерінің өтініштерінің қаралу барысын бақылай алды.

 «Айқын» жобасын  Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігі қолдады, енді оны бүкіл республика аумағында енгізу қажеттігі туралы шешім қабылданды.

Жоба 2012-2014 жылдар аралығында кезең-кезеңмен іске асырылатын болады.

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап «Айқын» жобасы Астана қаласының мемлекеттік органдарының аппараттарында  енгізіледі.

Өтінішті мемлекеттік органға өз қолымен берген жағдайда өтініш беруші  өтінішті қабылдаған кеңсе қызметкерінен 18 таңбалы бірегей нөмірі бар талон алады.

Талонның бірегей нөмірін пайдалана отырып, өтініштің қаралу барысы және нәтижелері туралы ақпаратты - 8 800-080-7777 (стационарлық), 1414 (ұялы) нөмірлеріне қоңырау шалып және операторға талон нөмірін беріп немесе 1012-ге талон нөмірімен SMS - хабарлама жіберіп (барлық байланыс операторларына 15 теңгеден)  Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің http://service.pravstat.kz сайтына кіріп, «Мемлекеттік органдарға өтініш» бөлімін таңдап, талон нөмірін теріп алуға болады.

Осы тәртіп бұзылған жағдайда  115 нөмірі арқылы ҚР Бас прокуратурасының Саll - орталығына хабарласуға болады.

«Айқын» жобасын одан әрі енгізу былайша жоспарланған:

  • - облыс және Астана, Алматы қалаларының әкімдігі аппараттарында 2013 жылдың 1 сәуірінен бастап;
  • - аудандық және облыстық мәні бар қалалық әкімдіктер (Астана, Алматы қалалары) мен облыстық деңгейдегі мемлекеттік органдар аппараттарында 2014 жылдың 1 қаңтарынан бастап;
  • - қалалық және аудандық мәні бар мемлекеттік органдарда 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап.

 «Айқын» жобасының ерекшелігі сонда, ол   алғаш рет азаматтардың және ұйымдардың өз өтініштерінің қаралу барысын Интернет желісі арқылы бақылап отыруына мүмкіндік береді. Заманауи ақпараттық жүйе - «Айқын» жобасын енгізу сыбайлас жемқорлықты жоюға ғана емес, сыбайлас жемқорлық әрекеттердің барлық алғышарттарының алдын алуға жәрдемін тигізіп, бұл өз кезегінде азаматтардың конституциялық құқықтарын нақты қорғауды қамтамасыз етеді.