Айлықты көбейту үшін жұмыс орындарын қысқартудың қажеті жоқ - СҚО әкімі
ПЕТРОПАВЛ. ҚазАқпарат - Солтүстік Қазақстан облысының бірнеше ауданында жұмыс орындарының қысқартылып жатқаны байқалып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыс әкімдігінің отырысында өңір басшысының орынбасары Асқар Сақыпкереев орташа айлық еңбекақының артуымен бірге кейбір аудандарда жұмыс орындары азайып кеткендігі байқалатынын хабарлады.
«Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша жұмысшыларға аударылған орташа номиналды айлық еңбекақы өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,9 пайыздық өсіммен 102 254 теңгені құраған», - деді Асқар Сақыпкереев.
Ол сонымен қатар, ең жоғарғы еңбекақыны Петропавл қаласының, Қызылжар мен Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғындары алатынын атап өтті. Сонымен бірге, жалпы есептегенде айына 80 мың теңгені Мәмлүт пен Уәлихан ауданының тұрғындары алып отыр.
«Қысқарудың ең жоғары көрсеткіші Аққайың ауданында тіркелді. Барлық кәсіпорындар жабылып қалған ба? Біз осы ауданда барынша көп жұмыс орындарының құрылғанына жағдай жасап жатырмыз. Ал бұл ауданда бұл бағытта ешқандай жұмыс атқарылып отырған жоқ. Біздің жобалар мен инвестициялар қайда?», - деді аудан әкіміне қарата айтқан сөзінде облыс басшысы Құмар Ақсақалов.
Аудан әкімі Дәурен Байтөлешов облыс әкімінің сұрағына күмілжіп жауап бере алмағанымен, жағдайды бақылауға алуға уәде берді.
Құмар Ақсақалов еңбек инспекциясына қысқарудың барлық жағдайын жіті тексеруді тапсырды.
«Бюджеттен бөлінетін қаражат, инвестициялық бағдарламалар артып келеді. Бұл жұмыс орындарының көбеюіне алып келуі тиіс. Қыс бойы әрбір аудан қанша адам жұмысқа қабылдатыны туралы есеп береді. Оқыту жүріп жатыр, микронесиелеу де артты. Өңір тұрғындары және мен нәтижені көруіміз керек», - деді облыс басшысы.
Құмар Ақсақалов жұмыс орындарын қысқартудың есебінен айлықты көбейтудің қажеті жоқтығын атап өтті.