«Аймақ басшылығы Аймауытовтың кім екенін біле ме екен?» - шілденің 17-сі күнгі қазақ басылымдарына шолу

АСТАНА. Шілденің 17-сі. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі қазақ баспасөзінде шілденің 17-сі,  жұма күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Аймақ басшылығы Аймауытовтың кім екенін біле ме екен?»  -  шілденің 17-сі күнгі қазақ басылымдарына шолу

  

  ***

 «Аймақ басшылығы Аймауытовтың кім екенін біле ме екен?»  Осы тақырыппен «Егемен Қазақстан» газетінің бірінші бетінде берілген шағын мақала Алаш арыстарының есімін ардақтауда құлықсыздық көрсетіп отырған Павлодар облысына қатысты мәселе көтерген. 

«... Облыс орталығында жалғыз ағашқа сүйеніп тұрған Сұлтанмахмұт Торайғыров деуге келе қоймайтын ескерткіш бар. Көп қабатты үйдің  түбіндегі бұл ескерткішті аңғара қою да қиын.
Ғұлама ғалым Қаныш Сәтбаевқа ескерткіш орнатамыз деумен жылыстап жылдар өтіп еді, жақында бюсті тұғырға қондырылды-ау. Бірақ бюсттің ескерткіш емес екенін ескеруіміз керек...» деп жазған «Егемен» тілшісі БАҚ өкілдерінің облыс әкімінен Жүсіпбек Аймауытовқа ескерткіш орнату жайында сұрағанында өңір басшысынан «бір түрлі» жауап алғандығын қынжыла жазады.

 ***

 Жақында «Альянс банк» АҚ мен оның 9 ірі несие берушілерін біріктірген Кредиторлар комитеті банктің қарыздарын қайта құрылымдау  мәселесі бойынша Өзара түсіністік жөніндегі меморандумға қол қойғаны белгілі. Осы құжатқа сәйкес, банк кредиторлары қарызды құрылымдау бойынша ұсынылған жолдарды іске асыруға толық келісетін болады. Ал банк қарызын қайта құрылымдау  үдерісі осы жылдың қарашасының 1-іне дейін аяқталмақ. «Егемен Қазақстан» газеті осы мәселеге байланысты аталмыш банктің басқарма төрағасы Мақсат Қабашевпен сұхбатты назарға тартады.

 М. Қабашевтың айтуынша, бұл шара  «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ -ның мемлекет атынан «Альянс банк»  АҚ-ның капиталына енуі үшін жасаған  басты шараларының бірі болды. Енді жақын арада қор мен банк арасында Мүдделер жөніндегі келісім жасалмақ. Бұл құжат құрылымдау жұмыстары табысты аяқталған соң, қордың банк акцияларының бақылау пакетін сатып алуына мүмкіндік береді.

 ***

  «Жас Алаш» газеті  «Зиялы» зиялы емес, әділеттің ақ туын ұстаған зиялы» тақырыбымен берілген көлемді мақалада ұлттық зиялылық турасында келелі ой қозғайды.

 «Зиялылық - «Жас Алаш» газеті үшін өзекті тақырып. Газеттің бұл мәселеге шұқшия беретіні де тегін емес.  Себебі, уақыт  өткен сайын қоғамға зиялыларының үні қажет бола түсуде.  Әсіресе, қазіргі болып жатқан оқиғаларды жете түсіну қиынға айналғанда, қоғамдық сана ақты ақ, қараны қара деп айта алатын зиялыға зәру», - дейді газет оқырманға ой тастаған мақалада.

 ***

 Ал  «Айқын» газеті «Өлгендер де «тегін» дәрі ішетін болған ба?»  деген шетін тақырыппен Оңтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау мекемелерінде азаматтарға кепілді тегін медициналық көмек көрсету аясында орын алған заңсыздықтарға назар аударған. Мұнда облыстық прокуратура органдарының тексерулері кезінде азаматтарға тегін берілуі тиіс дәрілерді дәрігерлердің әлдеқашан қайтыс болып кеткен адамдардың атына жазу арқылы  қымбат дәрі-дәрімектерді жымқырғаны анықталған.

 ***

  «Айқын» газеті  сондай-ақ осы күнгі нөмірінде «Ақ сөйле!» айдарында әл -Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Ядролық физика  кафедрасының профессоры Әділхан Әбілдаевтың елімізді энергетикалық қамтамасыз ету мәселесіне байланысты сұхбатын жариялаған.

 «Меніңше, көп жолдардың ішіндегі ең дұрысы - ядролық энергетиканы пайдалану. Атом электр стансыларын  (АЭС) салу. Себебі АЭС-тер энергияны өте көп береді. Бір ғана мысал келтірейін, 1 грамм уран жағылғанда  беретін энергияны 1000 тонна көмір жаққанда ала аламыз», - деген  ғалым осы бағыттағы өз тұжырымдары мен пайымдауларын ортаға салады.