14:39, 13 Қаңтар 2009 | GMT +5
Аймақтарда Ұлттық халық санағын өткізу үшін мамандарды іріктеу жұмыстары жүргізілуде ? Статистика агенттігі
АСТАНА. Қаңтардың 13-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Аймақтардағы статистика департаменттері мен жергілікті атқару органдары Ұлттық халық санағын өткізу үшін мамандарды іріктеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бұл туралы бүгін өткен брифингте ҚР Статистика агенттігінің баспасөз хатшысы Динара Жандаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Баспасөз хатшысының айтуынша, қаңтардың 5-інен бастап аймақтардағы санақ бөлімдеріне 1674 көлемінде меңгерушілер қабылданды. Олардың еңбекақысы 26 680 теңгені құрап, жұмыстары 2009 жылғы сәуірдің 10-ына дейін жалғасатын болады. Сонымен қатар, ақпанның 16-сынан бастап санақшыларды қабылдау жұмыстары жүргізіледі. Жалпы Республика бойынша санақты жүргізетін кадрлардың саны 74 164 адам болмақ. Сондай-ақ, Статистика агенттігі қаңтардың 14-інде кадрларды оқытуды бастады. Бірінші кезеңде облыстық статистика департаменттерінің басшылары мен олардың орынбасарларын, штаттан тыс халық санағы бөлімдерінің меңгерушілерін оқыту жүргізіледі. «Қаңтардың 16-сында Алматы қаласында құрылған санақ бөлімдерінің 160 меңгерушісіне арнайы оқытылған 60 жаттықтырушы көрсетілім сабақтарын өткізеді. Алда осы сияқты оқытулар орталық аппарат өкілдерінің қатысуымен барлық аймақтарда жүргізілетін болады», - деді ол.