Аймақтардағы 3 мыңнан астам тұрғын әлеуметтік төлемдер бойынша кеңес алды - ҚР ДСӘДМ
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шалғай елді мекендердің 3 мыңнан астам тұрғыны ауылдан шықпай-ақ, әлеуметтік төлемдер тағайындау жөнінде кеңес алды, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінде.
«2015 жылғы 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында еліміздің шалғай елді мекендерінде тұратын 3090 азамат арнайы жұмылдыру топтарының құрамында ауылдарға барған Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығының, «Қазпошта» АҚ және халыққа қызмет көрсету орталықтары мамандарынан зейнетақы және жәрдемақы тағайындау жөнінде кеңестер алды», - делінген хабарламада.
ДСӘДМ-де мәлімдегендей, атқарылған жұмыс қорытындысында жүгінген барлық азаматтардың 1878-і түрлі әлеуметтік төлемдерді рәсімдеу бойынша кеңес алды, 718 адамнан деректемелерді өзгерту жөнінде өтініштер қабылданды, 494 ауыл тұрғыны зейнетақы және жәрдемақы тағайындауға құжаттарын тапсырды.
Ауыл тұрғындарына мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін аталған ұйымдардың 830 қызметкері жұмылдырылды. Ағымдағы жылғы 16 наурыз бен 15 сәуір аралығында жұмылдыру топтары еліміздің барлық өңірлерінде 447 шалғай ауылдық округті қамтып, оларға 817 рет, оның ішінде жоспардан тыс 6 рет барды. Зейнетақы және жәрдемақы тағайындау жөніндегі барлық өтініштер бойынша электрондық іс макеттері жасақталып, өкілетті органның қарауына жіберілді. Ағымдағы жылғы 16 сәуірдегі жағдай бойынша 427 өтініш берушіге зейнетақы және жәрдемақы тағайындалды. Зейнеткерлік куәліктер және хабарламалар азаматтарға жұмылдыру топтарының келесі сапарларында жеткізілетін болады.
Министрлікте нақтылағандай, топтардың жұмысы пилотты режимде жылдың соңына дейін созылады. Тұрғылықты жері бойынша қызмет алушыларға қызмет көрсету (құжаттарды қабылдау және шот ашу) мемлекеттік қызметті алу уақытын және шығындарды төмендетуді, қолайлылықты, оңайлатылған тәртіпті қамтамасыз етеді.