Аймақтардағы денсаулық сақтау басқармалары дәрі-дәрмектерді өз бағасынан бірнеше есеге қымбатқа сатып алып келді - В.Зверьков

АСТАНА. Наурыздың 31-і. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында аймақтардағы денсаулық сақтау басқармалары сатып алып отырған дәрі-дәрмектердің бағасы, олардың нақты бағаларынан бірнеше есеге қымбат.
None
None

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында «СК-Фармация» ЖШС-ның бас директоры Вадим Зверьков айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

В.Зверьковтың айтуынша, «СК-Фармация» ЖШС үстіміздегі жылы кепілдендірілген тегін медициналық көмек аясында ең қымбат, бірақ ең тиімді дәрілерді сатып алды. Бірақ соның өзінде олардың құны аймақтардағы денсаулық сақтау басқармалары бұған дейін делдалдар арқылы сатып алып келген бағалардан бірнеше пайызға төмен.

Мысалға, «СК-Фармация» үстіміздегі жылы «Ларитромицин» дәрісін медициналық мекемелерге 25,9 теңгеден жеткізсе, Оңтүстік Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасы оны 2009 жылы 359,9 теңгеден сатып алған. «Бұл біздің бағадан 1350 пайызға көп», - дейді ол.

Компания биыл «Левофлоксацин» (инфузияға арналған ерітінді 500 мг/100 мл) препаратының бір шынысын 336,9 теңгеден жеткісе, Солтүстік Қазақстан облысының денсаулық сақтау басқармасы оны өткен жылы 1600 пайызға қымбат, яғни 5500 теңгеге сатып алған.

Сондай-ақ Алматы облысының Денсаулық сақтау басқармасы 2009 жылы «Спирамицин» дәрісін (1,5 млн.МЕ) 750 теңгеге сатып алған болса, «СК-Фармация» биыл оны 75,9 теңгеден жеткізіп берген.

Астана қаласында да жағдай көңіл көншітерлік емес. 2009 жылы елордалық денсаулық сақтау басқармасы «Кетаминнің» 1 ампуласын (2 мл ампуладағы егуге арналған ерітінді) 309,7 теңгеге сатып алған болса, ағымдағы жылы сол дәріні «СК-Фармация» 45,87 теңгеге жеткізді.

В.Зверьковтың айтуынша, бұл тек жекелеген мысалдар, олардың саны әлдақайда көп. «Дәрі-дәрмектер топтап сатып алынатынын ескерсек, жергілікті орындарда не жағдай болып келгені түсінікті», - дейді ол.

Соңғы жаңалықтар