Аймақтық БАҚ мемлекеттік тапсырысты өзгертуді сұрап отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Qasaqstan»  РТРК Атырау филиалының директоры Жанаxмет Ағыбаевтың айтуынша, бүгінде аймақтағы көрермендер алдымен өз жаңалықтарын көргісі келеді. 

Аймақтық БАҚ мемлекеттік тапсырысты өзгертуді сұрап отыр

Ал мемлекеттік тапсырыс аясында бірінші кезекте республикалық жаңалықтарды беру міндеті бар, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Бізге Парламентті бер дейді, Президентті бер дейді. Ал көрермендер соның бәрін "Хабар" мен "Қазақстаннан" көріп алдық деп айтады. Содан олар алғашқы 10-15 минутты көрмейді де, жергілікті жаңалықтар басталғанда ғана қосылады. Әрине, мемлекеттік тапсырыс қажет. Өйткені оның аясында ақша бөлінеді. Бірақ осы мәселені көрерменнің ыңғайына шешуді ұсынып отырмыз. Біз аймақтың жаңалығын көрсетейік, ал республикалық жаңалықтарды республикалық арналардан да көріп алуға болады", - деді Ағыбаев бүгін Өңірлік БАҚ форумында.

Филиал басшысының айтуынша, мемлекеттік тапсырысты басқа жолдармен де орындауға болады. Осы орайда Орталық коммуникациялар қызметін кеңінен пайдалану қажет. "Мәселен, тапсырыс аясында міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі берілсе, бізге әрбір спикерді сағаттап жазып берсін. Сосын контентті таратсын. Біз одан спецэффект те жасаймыз, xабар да жасаймыз, жаңалық та жасаймыз. Ал оны жергілікті өнім ретінде де ұсынуға болады. Сонда аймақтың көрермені ондай жаңалықтарды жеңіл қабылдайды", - деп атап көрсетті Ағыбаев.

 ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің Ақпарат комитеті төрағасының орынбасары Руслан Әлішевтің айтуынша, алдағы уақытта аймақтар үшін мемлекеттік тапсырысты өзгерту мәселесі қаралады. "Иә, аймақтарда xалық жергілікті жаңалықтарды көргісі келеді. Біз оны жақсы білеміз. Енді, осы саладағы жұмысты бастадық. Біз ақпараттық тапсырысты мемлекеттік сатып алулар жүйесінен бөліп шығардық. Дегенмен, аймақтар әзірше бұрынғы жүйе бойынша жұмыс істеп жатыр. Сол себепті сәл қиындау болып тұр. Биыл біз өз сараптамамызды қорытындылап, тиісті есепті тапсырғаннан кейін ұсыныс жасаймыз. Үкіметке де шығамыз. Сонда аймақтардағы жағдай өзгереді", - дейді Әлішев.

Фото: lada.kz