Аймақтық телеарналар контент сапасын жақсартулары тиіс - Н. Оразов
АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Аймақтық арналар сандық телевизияның енген тұсында, жаңа талаптар заманында аман қалу үшін контент сапасын жақсартулары тиіс.
Бұл туралы бүгін Қазақстан Ұлттық телерадиохабар таратушылар қауымдастығының мүшелерімен кездесуінде ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразов мәлім етті.
Жиналғандарды елдің ақпараттық нарығындағы жағдаймен таныстыра кеткен вице-министр: Бүгінде аймақтық телеарналар эфирлерінің сапасы жеткілікті деңгейде емес. Олардың басым бөлігі шетелдік және республикалық телеарналардың бағдарламаларын таратудың негізінде ғұмыр кешіп жатыр. Соның салдарынан олар өздерінің негізгі қызметтері мен міндеттерінен адасып, шағын жарнамалық бюджеттің немесе мемлекеттік сатып алудың есебінен күнелтеді», - деп атап көрсетті.
Оның сөзіне қарағанда, "жергілікті телеарналардың ірі республикалық телеарналармен бәсекеге түсуі және шағын жарнамалық бюджет қаржысына ауқымды телевизиялық бағдарламалар жасап шығаруы мүмкін емес" деген аймақтық телеарналар басшылығының санасында сіңіп қалған жаңсақ пікірге қарамастан, елде өз қызметін сәтті дөңгелете алған өңірлік телеарналар да жоқ емес.
«Қоғам сандық телевизияға көшкен тұста аймақтық телеарналар сапалы контент шығаруға талпынсын, себебі жарнама берушілер БАҚ-тың тиімсіздігін содан көреді. Не болмаса дамудың басқа шешімдерін пысықтасын: мысалы, тақырыптық бағытты таңдауға болады. Бүгінгі техникалық дамудың нәтижесі осында», - деді Н. Оразов.