Айна Теміртасова Азия чемпионатының жеңімпазы атанды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Күрес түрлерінен Тайпейде өтіп жатқан жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық Айна Теміртасова жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Sportportal.kz.
63 келіде сынға түскен қазақстандық балуан қыз іріктеу кезеңінде кореялық Сеюн Чойды белдесудің басталғанына бар-жоғы бір минут өткенде таза ұтты.
Жартылай финалда қазақстандық қыз үндістандық Решма Аниль Манемен бақ сынасты. Белдесу басталысымен Айна қарсыласына әдіс қолданып, ұпай еншіледі. Алғашқы кезеңде қазақ қызы алты ұпай еншілесе, үндістандық балуан үш ұпай олжалады. Екінші кезеңде төрт ұпайлық екі әдіс жасаған Айна 14-5 есебімен қарсыласынан басымдықпен жеңіп, финалға жолдама алды.
Aйна Азия чемпионатының алтын медалін жапониялық Мисузу Еномотомен сарапқа салды. Алғашқы айналым 1-0 есебімен жапон қызының басымдығымен аяқталды. Екінші кезеңнің алғашқы минутында төрт ұпай еншілеген Айна сол басымдығын белдесу соңына дейін сақтап қалды.
Қорытынды есеп 3-5, жеңіс қазақстандық балуан қызда. Осылайша Айна жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатында алтын медаль иеленді.