«Айналым схемасы» өзінің тиімділігін көрсетті – Бақыт Сұлтанов
«Бүгінгі таңда инфляция мен импортқа сұраныстың артуына байланысты жаңа жағдайда, пандемиялық және геосаяси шектеулер нәтижесінде «Айналым схемасы» өзінің тиімділігін көрсетті. Тікелей өндірушілерге айналым және инвестициялық қаржыландыру мемлекеттің бизнесті қолдау жөніндегі бірқатар бағдарламаларында жүзеге асырылады», - деді министр Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, «айналым схемасының» міндеті жергілікті атқарушы органдар атынан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорация, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндірушілер мен өнім берушілерінің, сауда желілерінің өнімді жеткізу мерзімдерін, көлемдері мен бағаларын тіркейтін өзара міндеттемелерін бекітуден тұрады.
«Бірнеше мысал келтірейін, мәселен, Қарағанды облысында 2 709 тонна картоп жеткізуге бөлшек саудада белгіленген 85 теңге бағасымен келісімшарт сәуір айында жасалды, ал коммерциялық баға сол уақытта 175 теңге еді. Нәтижесінде облыста картоп сатудың ең төменгі бағасы 135 теңгені көрсетті. Қырыққабат бойынша да осындай жұмыстар жүргізілді, Түркістан облысынан ерте егіннің өңіраралық ағындары жолға қойылды. Нарықты толтыру қорытындысы бойынша келісімшарт жасалған өніммен бағаның ең жоғары өсімін 273 теңгеден 124 теңгеге дейін төмендету мүмкін болды», - деді Б. Сұлтанов.
Аталған жұмыс барлық өңірлер бойынша жүргізілген, осыған байланысты қазір өнім бағасының біртіндеп төмендеуі байқалып отыр.
«Сонымен бірге, бұл механизмді Президент сынға алды, себебі аталған міндетті іске асырудың тиімділігін арттыру бөлігінде пысықтау қажет етіледі. Апта сайынғы цифрлық Үкімет кеңсесінде жергілікті атқарушы органдармен селекторлық кеңес өтетін ақпараттық жүйе бойынша пысықтау жұмыстары жүргізілуде. Нарық қатысушылары белгілейтін нақты бағалар туралы халық пен бизнесті барынша ақпараттандыру қамтамасыз етіледі, сауда желілерінің, өндірушілер мен жеткізушілердің тиімділігін арттыру көзделеді. Екінші жағынан, жалпы тауар айналымындағы әлеуметтік маңызы бар өнімдердің «айналым схемасын» қаржыландыру көлемі 4%-ті ғана құрайды. Сондықтан ол нарыққа толық әсер ете алмайды. Осыған байланысты, қаражат қозғалысы ашықтығының және олардың тиімділігінің артуына байланысты қаржыландыру біртіндеп ұлғаяды», - деп түсіндірді Б. Сұлтанов.
Кеше Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев көтерме-тарату орталықтары желілерін іске қосу жұмыстары ұзаққа созылып кеткенін сынаған еді.
https://kaz.inform.kz/news/prezident-koterme-taratu-ortalyktary-zhelilerin-iske-kosu-zhumystaryn-synady_a3954634