Айтбек Амангелді Талғарда төбелес кезінде қаза тапқан баланың отбасына тегін 3 адвокат тауып берді

ҚОНАЕВ. KAZINFORM – 4 қазан күні Талғар қаласында болған қайғылы жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды. 16 жастағы Шерзат Болаттың өліміне қатысты іс Ішкі істер министрінің жеке бақылауында. Сондай-ақ, құқық қорғаушы Айтбек Амангелді қаза тапқан жасөспірімнің отбасына адвокаттар тауып берді. 

Салтанат Нүкенованың ағасы
Фото: Тенгриньюс

Кісі қолынан қаза тапқан жас жігіттің ата-анасы марқұм Салтанат Нүкенованың ағасы, құқық қорғаушы Айтбек Амангелдіден көмек сұрап, жүгінді.

«Біз отбасыға тегін қызмет көрсетуге келіскен үш адвокатты ұсындық. Қазір тергеу жүріп жатыр. Адвокаттар құқық қорғау органдарымен бірге зардап шеккендерден сұрақ-жауап алуда. Іс бойынша бірқатар сараптама тағайындалды. Жанжал кезінде жігіттің әкесі мен ағасы да зардап шекті», – деп атап өтті Айтбек Амангелді.

Айтуынша, кінәлілердің бәрі жазалануы керек және тергеу ашық болуы тиіс.

Марқұмның отбасына адвокат - Асқар Қаймақов, Карина Көшербаева және Марал Жайлаубаева көмектеседі. Бұл іске құқық қорғаушы Саида Тәукелева да қосылды.

Еске салайық, бұған дейін Талғар қаласындағы төбелестен бір адам қайтыс болғанын жазғанбыз

Кейін талғарлықтар жасөспірім өліміне байланысты наразылыққа шықты.

Алматы облысының Прокуратурасы кісі өлтіру туралы бұл іс ерекше бақылауға алынғанын ресми түрде хабарлады.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденов Алматы облысы Талғар ауданындағы жасөспірімнің өліміне қатысты істі жеке бақылауына алды.

Соңғы жаңалықтар