Айтыс ақыны Нұрмат Мансұр жаңа қызметке тағайындалды

Нұрмат Мансұр
Фото: Қызылорда қаласы әкімдігі

Айтыскер ақын Нұрмат Мансұр Қызылордадағы қалалық «Жастар театрының» директоры лауазымына тағайындалды. Бұл туралы Қызылорда қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қызылорда қалалық мәдениет және спорт бөлімінің арнайы конкурстық комиссиясы шешімімен осы уақытқа дейін М.Ералиева атындағы мәдениет үйінің директоры қызметін атқарған Мансұров Нұрмат Абдоллаұлы 2024 жылдың 04 қаңтарынан бастап қалалық «Жастар театры» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнының директоры лауазымына тағайындалды.

Нұрмат Абдоллаұлы 1985 жылы 24 наурызда Қызылорда облысы, Сырдария ауданында дүниеге келген.

Білімі жоғары, экономика ғылымдарының магистрі.

Әр жылдары Қызылорда облыстық мәдениет басқармасына қарасты Халық шығармашылығын дамыту және мәдени продюсерлік орталығында мәдени қызметкер, аймақтық «Қоғам» телеарнасында редактор, республикалық «Таным мен Тағылым» газетінде атқарушы директор, «Қазақ радиолары» ЖШС-не қарасты «Шалқар» радиосында аға редактор болып еңбек жолынан өткен.

Республикалық, Халықаралық деңгейдегі айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, «Серпер» сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Сырдария ауданының Құрметті азаматы.

ҚР Құрмет грамотасының иегері.

Нұрмат Абдоллаұлы Жалағаш ауданы, Сырдария ауданының музыкалық мұрасы, осы аудандардан шыққан әдебиет, өнер тұлғалары жайлы аудиохабарлар, жыр-терме, әндер, айтыстар топтастырылған «Жалағаш жауһарлары», «Арнасын жыр кернеген Сырдария» атты аудиоантологиялардың авторы әрі продюсері болып аймақтың мәдени жауһарларын түгендеуде өлшеусіз еңбек етіп келеді.

Соңғы жаңалықтар