Айтыскер ақындар «Жайық айтысына - 60 жыл» төсбелгісімен марапатталды

ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Орал қаласындағы Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында «Жалындаған Жайық-жыр» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Сондай-ақ екікүндік шара аясында суырыпсалма өнерінің майталмандары «Жайық айтысына - 60 жыл» төсбелгісімен марапатталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

БҚО халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған Ақ Жайық айтысының 60 жылдығына арналған жыр додасына Астана қаласынан, Маңғыстау, Ақтөбе, Атырау, Қызылорда және Батыс Қазақстан облыстарынан барлығы 20 ақын қатысып, бақ сынады.

Сайыс қорытындысында Жәнібек ауданы атынан шыққан Мұрадым Мирланов бас жүлдені (500 мың теңге) жеңіп алды. Бөкейордалық Жансая Мусина - бірінші (350 мың теңге), ақжайықтық Мейірман Шәкенов пен қызылордалық Жібек Шахмарданқызы екінші (200 мың теңге) орынға ие болды. Оралдық Орынбек Меңдіқұлов пен Маңғыстау облысы Жаңаөзен қаласынан келген Арғынбек Қалбаев үшінші орынды бөлісті.

Екі күнге созылған шара барысында өңірдегі айтыс өнерінің дамуы мен болашағы туралы «дөңгелек үстел» ұйымдастырылып, кезінде айтысқа қатысқан ақындар «Жайық айтысына - 60 жыл» төсбелгісімен марапатталды.

«Бұдан алпыс жыл бұрынғы мен қазіргі айтыстың арасы, әрине, жер мен көктей. Айтыстың деңгейі жоғарылап, шетінен айтқыш жастар көбейді. Бұл - қазақтың айтыс сынды ұлттық өнерінің өлмейтінінің жарқын көрінісі», - деді ҚазАқпарат тілшісіне қазылар алқасының төрағасы, жас кезінде өзі де айтысқа қатысқан, қазір Алматы қаласында тұратын журналистика саласының ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері Ғарифолла Көшенов.

null 

 

 

Соңғы жаңалықтар