Айтжанов реванш туралы: Геннадий ұтуы мүмкін, бірақ...
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бокстан ұлттық құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжановтың ойынша, екі боксшы тең түсуі әбден мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Мен бірінші жекпе-жекте Альварестің оңай шағылатын жаңғақ емес екенін байқадым. Аяқ алысы жаман емес. Сол кезде Головкиннен құлап қалмау үшін өте тыңғылықты дайындалған. Аяқпен қимылдап, қорғанысқа көп көңіл бөлді. Ол өз қарсыласын әбден зерттеп алды. Сол себепті алдағы реваншта Головкин шығып, өз қарсыласын қиратып кетеді деп айта алмаймын. Мен өзім бірінші жекпе-жекте жеңістің 60-70 процентті Головкинге берген болатынмын. Қазір дәл ондай болады деп айта алмаймын. Бәрін ринг шешеді. Бокста, көп жағдайда, бәрін бір соққы шешіп кетеді. Әрине, Геннадийге жанкүйер боламыз. Қазақстанның көк Туын тағы көтерсе екен деп, тақымымызды қысып отырамыз. Геннадий ұтуы әбден мүмкін. Бірақ... «Бірақ» деген сөзді, яғни Альварестің мықты екенін ұмытпайық», - деді М.Айтжанов ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.
Бас бапкердің ойынша, осы жолы да боксшылар тең түсуі әбден мүмкін.
«Шыны керек, біз-сіз болып, бүкіл әлем анау ұтады, мынау ұтады деп отырғанда осы кездесуді ұйымдастырып жатқан адамдар үшін жекпе-жектің тең аяқталғаны ыңғайлы әрі пайдалы болса, олар тағы солай істеуі әбден мүмкін», - деп атап көрсетті М.Айтжанов.
Айта кетейік, бүгін Головкин мен Альварес реванштың өтетінін ресми түрде жариялады. Ал олардың промоутерлері қарымта жекпе-жекті өтетін жері мен одан түсетін табысқа болжам жасады. Олимпиада чемпионы Бақтияр Артаевтың ойынша, Головкин мен Альварес тағы да тең түседі.