Аю бейнесіндегі әшекей: Алматыдағы сақ қорғанында археологиялық жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр

АЛМАТЫ. KAZINFORM — Алматыда орналасқан Қарағайлы қорымында сақ дәуіріне жататын жәдігерлер мен адам сүйектері табылды. Бұл археологиялық қазба жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын Алматы қаласы музейлер бірлестігінің директоры Ләззат Сағындықова Kazinform тілшісіне берген сұхбатында айтып берді. 

Аю бейнесіндегі әшекей: Алматыдағы сақ қорғанында археологиялық жұмыстар қалай жүргізіліп жатыр
Фото: Алматы музейлер бірлестігі

— Аю бейнесіндегі алтын әшекей табылған Қарағайлы қорымындағы қазба жұмыстары қашан басталды және қанша уақыт жалғасып жатыр?

— Қалада ескерткіштер тізіміне енбеген, үстіне үй салынып кеткен, не анықталмаған сақ қорғандары кездеседі. Мәселен, Қарағайлы қорымы қазіргі бейіт аумағында орналасқан. Мұнда археологиялық қазба жұмыстары қала әкімдігінің қолдауымен жүргізіліп жатыр. Бұл жер бұрын Алматы облысының аумағы болған, кейін Наурызбай ауданының құрамына енді. Бұл ескерткіш анықталғаннан кейін, зерттеу жұмыстары бір ай бұрын басталды. Қорғанның диаметрі — шамамен 25 метр, ал биіктігі 2,5 метрге жуық. Біздің заманымызға дейінгі IV–III ғасырларға жатады, яғни сақ дәуірі — ерте темір дәуірінің ескерткіші.

Оның ішінен бірнеше адамның сүйектері табылды. Зерттеушілеріміздің алдын ала болжамы бойынша төрт ересек адам, үш баланың сүйегі болуы мүмкін. Сондай-ақ алтыннан жасалған аю бейнесіндегі әшекей және керамика, қыштан жасалған ыдыстардың сынықтары табылып отыр.

Ләззат Сағындықова
Фото: Алматы музейлер бірлестігі

— Әшекейлер мен адам сүйектері қанша метр тереңдікте, қорымның қандай қабатында табылды?

— Сақ қорғандарының құрылымы бірнеше бөліктен тұрады. Археолог мамандар зерттеу барысында осы сақ дәуірінің жерлеу дәстүріне сәйкес қабір орналасқан қабатына дейін қазады. Адам сүйектері сол жақтан табылып отыр. Ал аю бейнесіндегі әшекей шамамен 4 метр тереңдікте табылды. Алдын ала болжамға сәйкес, ол бас киімнің сәндік бөлшегі болған.

жәдігер
Фото: Алматы музейлер бірлестігі

Табылған заттардың барлығы зерттеуге жіберілді. Алдағы уақытта қыштан жасалған, алтыннан жасалған бұйымдардың бәрі музей қорына өткізіледі. Зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін олар музей экспозициясына қойылып, көпшілік назарына ұсынылады.

археология
Фото: Алматы музейлер бірлестігі

— Кеше таратылған ақпаратта бұл қорымның ерте заманда-ақ тоналғаны айтылды. Осы орайда, алтын бұйым мен кей жәдігерлер ұрылардың көзінен қалай тыс қалған? Қалай сақталып қалды деп болжауға болады?

— Қорған ішінде 3 метрдей қазылған із бар. Соған қарап қорғанның тоналғанын топшылауға болады. Бірақ тонаушылар қорғанның ішін толық қамтымаған болуы керек. Жалпы археологиялық тәжірибеде тонаған адамдардың назарынан тыс қалған, болмаса тонау жолынан бөлек орналасқан жерлеу бөліктерінде кейбір жәдігерлердің сақталып қалу жағдайлары кездеседі. Зерттеу жұмыстары барысында осындай олжаларды тауып жатамыз. Бұл жағдайдың өзі археологиялық зерттеудің қаншалықты маңызды екенін көрсетеді. Бұл ғылым үшін аса құнды дерек.

— Алматы музейлер бірлестігі археологиялық зерттеулерге жасауға қашан бет бұрды?

— Алматы қаласының музейлер бірлестігі археологиялық зерттеулерге жүйелі түрде 2022 жылдан бастап кірісті. Сол жылы бірлестік археологиялық зерттеулер жүргізуге арнайы лицензия алды. Ол музейдің ғылыми зерттеу бағытындағы әлеуетін арттыруға мүмкіндік берді.

Бұған бірнеше себеп бар. Ең алдымен, Алматы қаласы ежелгі дәуірден адамзат өркениетінің маңызды орталықтарының бірі болған. Қала маңында адамзат біздің заманымызға дейінгі ерте темір дәуірі, сақ дәуірінен бастап мекендеген. Оған қала маңында орналасқан археологиялық ескерткіштеріміз дәлел: үйсін, сақ және басқа да кезендерге жататын археологиялық ескерткіштер өте көп.

археология
Фото: Алматы музейлер бірлестігі

Қазір қалада мемлекеттік тізімге алынған 13 ескерткіш орналасқан. Одан бөлек жыл сайын есепке алынбаған, анықталмаған ескерткіштерді анықтау бойынша ғылыми зерттеу жұмыстары жүргізіліп келеді. Алматы — 1000 жылдық тарихы бар қала. Бүгінде мегаполис болғансын, құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Сол себепті біздің мақсатымыз — тарихи мұраны зерттеп, оны сақтап қалу. Бірлестік құрамындағы Алматы музейі — қаламыздың тарихын сонау ерте заманнан бүгінге дейін баяндайтын, тарихына қатысты бүкіл жәдігерлерді сақтайтын орын. Сондықтан біз Алматы қаласының тарихын тереңірек зерттеуге тырысамыз. Ол үшін археологиялық жұмыстар болсын, құжаттармен жұмыс болсын — барлық бағыттағы жұмысты кеңейтуді мақсат етіп отырмыз.

— Қазба жұмыстарын жүргізетін зерттеу тобында қанша адам жұмыс істейді? Олардың қатарында қандай мамандар бар?

— Жалпы археологиялық зерттеу — ол бірнеше маманның бірлескен жұмысын талап ететін күрделі ғылыми процесс. Сондықтан тек археологтар ғана жұмыс істемейді, антропологтар, топырақ танушылар, реставраторлар, геодезистер және зерттеу жұмыстарын жан-жақты жүргізуге қажетті мамандар тартылады. Алматы музейінде ғылыми зерттеу бөлімі бар. Осы бөлімнің мамандары аталған жұмыспен айналысады.

Басты мақсат — тек қазба жұмыстарын жүргізіп, жәдігерлерді табу ғана емес, табылған олжаларды тарихи, мәдени, ғылыми тұрғыдан жан-жақты зерттеу.

археология
Фото: Алматы музейлер бірлестігі

— Алматы музейлер бірлестігі осы уақытқа дейін қанша археологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізді?

— 2022 жылы Алатау ауданының аумағындағы ерте темір дәуіріне жататын обадан біздің заманымызға дейінгі V–II ғасырларға тән сақ жауынгерінің тоналмаған жерлеу орны табылды. Қазба барысында алтынмен безендірілген қылыштың бөліктері, аң стилінде жасалған алтын әшекейлер, күміс бұйымдар мен адам сүйектері анықталды. 2024 жылы Алатау ауданындағы обалардың бірін зерттеу кезінде адам сүйектерінің бөліктері, қоладан жасалған бекіткіш элементтер мен шегелер табылды.

жәдігер
Фото: Алматы музейлер бірлестігі

Сонымен қатар «Боралдай сақ қорғандары» археологиялық паркінің аумағында Италия және Франция мамандарының қатысуымен геофизикалық зерттеулер жүргізілді. Заманауи ғылыми әдістерді қолдану арқылы археологиялық ескерткіштердің жер астындағы құрылымын зерттелді.

жәдігер
Фото: Алматы музейлер бірлестігі

2025 жылы ерте темір дәуіріне жататын обалардың бірінен ежелгі тонаушылар қазған жерасты жолы анықталды. Алматы қаласының аумағында орналасқан археологиялық ескерткіштердің көбі тоналған, төбесінен қазып ішіндегі барлық затты алып кеткен. Жыл сайын зерттеу жұмыстары жүргізіледі, сол кезде көбінде қыштан жасалған бұйымдардың сынықтары, адам сүйектері табылады. Алматыда алтын бұйымдардың табылуы сирек кездеседі.

— Қала аумағында табылған бұл жәдігерлер мен бұйымдарды тұрғындар бүгінде қалалық музейлерден тамашалай ала ма?

— Барлық қазба жұмыстары нәтижесінде табылған жәдігерлер міндетті түрде музей қорына тапсырылады. Ол міндетті талап, заң бойынша бекітілген. Қазба жұмыстары қай өңірде жасалса, табылған заттар сол өңірдің музейіне тапсырылады.

жәдігер
Фото: Алматы музейлер бірлестігі

2014 жылы қазба жұмыстары барысында Алатау ауданында барыс бейнесіндегі алтыннан жасалған жәдігер табылған. Одан кейін самұрық бейнесіндегі жәдігер анықталды. Олар қазір Алматы музейінің экспозициясында тұр. 2022 жылы табылған сақ жауынгерінің білезігі, қанжары және басқа да заттары — Алматы музейінің қорында сақталған. Қала тұрғындары мен қонақтары келіп тамашалай алады.

— Жәдігер табылған сәттен бастап, музейде көпшілік назарына ұсынылған дейін қандай зерттеу сатыларынан өтеді?

— Әрине, қазба жұмыстары барысында бұйым табылса, оны бірден музейге қоя салмаймыз. Өйткені ол бірнеше ғылыми зерттеу жұмыстарының кезеңінен өту керек. Мәселен, консервациялық кезең бар, реставрация да қажет болуы мүмкін. Оларды тазалайды, антрополог мамандар зерттейді. Бұйымның материалы, жасалу технологиясы анықталады, көркемдік ерекшеліктері, мерзімі және тарихи, мәдени маңызы зерттеледі. Өзге жәдігерлермен салыстырмалы түрде ғылыми талдаулар жасалынады. Талапқа сәйкес құжаттардың бәрі толтырылады. Кейін музейдің қорына алынады.

Енді аю бейнесіндегі алтын әшекейге осындай кешенді түрде зерттеу қажет. Себебі бұған дейін тек Алматыда емес, Қазақстан аумағында мұндай бейнедегі сақ дәуіріне жататын алтын әшекей кездеспеген.

жәдігер
Фото: Алматы музейлер бірлестігі

— Қарағайлы қорымынан кейін келесі зерттеу нысаны қандай? Археологиялық жұмыстар жүргізілетін аумақ қалай табылады?

— Қалада зерттелмеген, анықталмаған қорғандар мен қорымдар бар. Біз оларды шетінен тауып, біртіндеп зерттеуге тырысып жатырмыз. Ол үшін арнайы рұқсат алу керек, Мәдениет және ақпарат министрлігінің жоспарына енгізілуі керек. Археологиялық қазба жұмыстарын жүргізудің арнайы тәртібі бар. Одан бөлек көптеген келісім алынады.

Мысалы, зерттелетін орын жекеменшік жерде болуы мүмкін, болмаса Қарағайлы секілді бейіттің аумағында орналасуы мүмкін.

Сондай-ақ біз бірінші кезекте апатты жағдайда тұрған ескерткіштерді зерттеуге тырысамыз. Себебі олардың жойылып кету қаупі өте жоғары. Қазір Алматыда құрылыс жұмыстары қарқынды жүргізілір жатыр. Сол себепті жойылып кетуі мүмкін археологиялық ескерткіштерге басымдық беріледі.

жәдігер
Фото: Алматы музейлер бірлестігі

Алматы қаласының ертедегі тарихын зерттеп, оны жаңа археологиялық деректермен толықтырсақ дейміз. Тарихи мұраны сақтау, зерттеу, жан-жақты зерделеу, ғылыми айналымға енгізуді мақсат тұтамыз. Жалпы бұл музей дегеніміз — ол тарихи жады. Келешек ұрпақтың осы туған жердің тарихына деген қызығушылығын арттыру, құрметін қалыптастыру, отансүйгіштік сезімін ояту мақсатында жұмыс істейді.

— Мазмұнды сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз!

Еске салайық, бұған дейән Алматыда сақ дәуіріне жататын аю бейнесіндегі әшекей табылғанын жаздық.