Аюмен жекпе-жекке шыққан өзбекстандық боксшы айыппұл арқалады
АСТАНА. KAZINFORM – Аюмен жаттығу жасаған өзбекстандық боксшы Шахрам Ғиёсовке 1 миллион 125 мың сум (46 мың теңге) айыппұл салынды. Спортшы мұндай жағдай екінші рет қайталанбайтынын айтып, кешірім сұрады, деп жазады Gazeta.uz.
Боксшы Ташкенттегі Buka Gym спорт залында аюмен жекпе-жек өткізген. Экология министрлігі жануардың Ферғана зообағына тапсырылғанын мәлімдеді.
Instagram желісінде музыкамен жарияланған клипте басқа адам аюды тізгіндеп ұстап тұрғаны, ал спортшы жануарды бірнеше рет жыққаны көрсетілген.

Экология министрлігі аюмен жаттығу арқылы құқық бұзушылық жасаған спортшы Шахрам Ғиосовқа қатысты Әкімшілік жауапкершілік кодексінің 111-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылғанын хабарлады. Оған негізгі соманың 3 еселенген мөлшерінде айыппұл салынды.
Айта кетейік, Өзбекстанда жылдамдықты асырған Олимпиада чемпионына да айыппұл салынды.