Айзара Жұмабекова брейкингтен жасөспірімдер Олимпиадасының ширек финалына шықты

АСТАНА. KAZINFORM — Брейкингтен Қазақстан құрамасының спортшысы Айзара Жұмабекова Дакарда (Сенегал) өтіп жатқан 2026 жылғы жасөспірімдер Олимпиадасының топтық кезеңінен сәтті өтті.

Айзара Жұмабекова
Фото: ҚР ҰОК

B-Girl Aizara лақап атымен өнер көрсететін отандасымыз В тобында екінші орын алып, ширек финалға жолдама алды.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша Жұмабекова жеңіске жеткен раундтары үшін үш ұпай алды және 20 дауыс жинады.

Топта бірінші орынды алты раундта жеңіске жеткен украиналық Николь Джурик (B-Girl Nikastar) иеленді.

Жарыс ережесіне сәйкес, әр топтан үздік нәтиже көрсеткен екі спортшы, сондай-ақ үшінші орын алған қатысушылар арасынан көрсеткіші жоғары екі брейкинг шебері ширек финалға тікелей жолдама алды.

ҚР ҰОК мәліметінше, плей-офф кезеңі ертең, 13 қарашада өтеді.

Айта кетейік, Ақнұр Тұрсынғали бокстан жасөспірімдер Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды.