Айжан Есмағамбетова Қазақстанда қызылшаның таралу себебін айтты

қызылша
Фото: gov.kz.

Денсаулық сақтау вице-министрі, мемлекеттік бас санитар дәрігер Айжан Есмағамбетова Қазақстанда қызылшаның таралауына не себеп болғанын түсіндірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

«Қызылша өте жұқпалы ауру, кез келген жұқпалы ауру өзінің циклділігімен сипатталады, қызылша үшін циклділігі шамамен 5-7 жылды құрайды. Біздің соңғы рет осындай жағдай 2019 жылы болды, халықты жаппай иммундау да жүргізілді. Қазір елімізде қызылшаға шалдыққандардың 60 пайызы 5 жасқа дейінгі балалар. Сондықтан дәл осы жас санатындағыларға қосымша жаппай иммунизация жасау керек», - деді А.Есмағамбетова Сенаттың жалпы отырысынан кейін тілшілер сұрағына жауап бере отырып.

Айта кетейік, Қазақстанда қызылшадан екі бала көз жұмғаны хабарланды. Бұл оқиға Астана мен Шығыс Қазақстан облысында болды.

Елімізде қызылша инфекциясының таралуына қарсы жаппай иммундау жүріп жатыр. Бүгінде қосымша вакциналауға жататын 1,5 млн адамның 608 мыңнан астамы егілді, қамту 40,5% құрады.

 

Соңғы жаңалықтар