Айжан Есмағамбетова сібір жарасы ауруын жұқтыру мәселесіне қатысты түсінік берді
АСТАНА. ҚазАқпарат – Биыл Жамбыл облысында тұрғындар арасында күйдіргі ауруының 12 жағдайы тіркелді. Бұл туралы Денсаулық сақтау вице-министрі – Бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Айжан Есмағамбетова айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«2023 жылдың өткен кезеңінде Жамбыл облысында тұрғындар арасында күйдіргі ауруының 12 жағдайы тіркелді. Барлық жағдайда індетті жұқтыруға ауру малдарды сою және бөлшектеу, сондай-ақ осы етті тасымалдау әрі сақтау себеп болған», - деді А. Есмағамбетова Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Бұл тұрғыда вице-министр аурудан сақтанудың негізгі талаптарына тоқталды.
«Рұқсат етілмеген сауда орындарында ет сатып алмау керек. Сонымен қатар, етті дұрыс пісіру маңызды. Егер ауру малдың жанында болғаннан кейін шамамен 8 күн ішінде дене қызуының жоғарылауы, терінің қызаруы, жаралар пайда болса, шұғыл түрде медициналық көмекке жүгіну қажет. Жалпы, малға профилактикалық вакцинация жасау керек», - деді Айжан Есмағамбетова.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Түркістан облысында кейінгі бес жылда 14 адам сібір жарасы инфекциясын жұқтырған.