Аз ғана уақыт ішінде Қазақстан ешбір мемлекетте болмаған қарқынды өсімді көрсетті - Б. Майлыбаев
АСТАНА. 28 қыркүйек. ҚазАқпарат - Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша аз ғана уақыт ішінде Қазақстан ешбір мемлекет көрсете алмаған қарқынды өсімді еңсеріп, Жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 51-орынға шықты.
Бүгін Астанада еліміздегі ақпараттық саясатты дамытудың маңызды мәселелеріне арналған кеңес барысында сөз сөйлеген ҚР Президенті Әкімшілігі Басшысының орынбасары Бағлан Майлыбаев осылай мәлім етті.
«Жақында Бүкіләлемдік экономикалық форум бәсекеге қабілеттіліктің Жаһандық рейтингі нәтижелерін жариялады. Ол бойынша Қазақстан бәсекеге қабілеттіліктің рейтингінде бірден 21 позицияға көтерілді. Бүгін Қазақстан 51-ші орында тұр. Естеріңізде болса, әлемнің бәсекеге барынша қабілетті 50 елінің қатарына кіру міндеті осыдан 6 жыл бұрын Мемлекет басшысымен жүктелген болатын. Біздің еліміз дәл осы мақсатты еңсерудің табалдырығында тұр әрі оған мерзімінен бұрын қол жеткізбек. Бұның дағдарыстық құбылыстарға қарамастан орын алғанын да ескеруіміз керек. Халықаралық сарапшылардың бағалауы бойынша аз ғана уақыт ішінде бұндай қарқынды өсімді ешбір мемлекет көрсете алмаған», - деді Б. Майлыбаев.
Оның айтуынша, Жаһандық бәсекеге қабілеттілік көрсеткіштерінде Қазақстан «Университеттер мен бизнестің ынтымақтастығы» критерийі бойынша 29 позицияға, «Персоналдың біліктілігін арттыру» бағытында 24 орынға, «Мемлекеттік органдар шешімінің ашықтығы» бойынша 21 позицияға, «Ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы» бойынша 13 орынға, «Білім беру жүйесінің сапасы» бойынша 11 позицияға жоғарылаған.