Аз уақытта ұйқыны қандырудың тың тәсілі табылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Таңертең ұйқыдан оянған сәтте шаршауыңыз басылмай, өзіңізді жиі дел-сал сезінесіз бе? Күнді мең-зең күйде бастау, әрине, қиын. Өкінішке қарай, қазіргі таңда ұйқысы қанбай, шаршау сезімінен арылмай, күнді ауыр өткізетіндер көбеймесе, азаймай отыр.

Аз уақытта ұйқыны қандырудың тың тәсілі табылды

Демалыс күндерді асыға күтіп, ұйқымызды қандыруға тырысамыз. Бірақ еңсені басқан ауырлықтан арыла алмай, дүйсенбі күні қайта жұмысқа келеміз. Мұндай күйден құтылып, жақсы тынығу үшін мамандар бір жарым сағат уақыт жеткілікті екенін айтады. Әрине, бұл түнде аз ұйықтауды дағдыға айналдыр деген сөз емес, алайда осы аралықта ұйқыны қандырып, өзіңді сергек сезінуге толықтай мүмкіндік бар.

Бастысы - ояну сәтін дұрыс таңдау, әйтпесе түні бойы жақсы ұйықтасаң да, оянғанда денең ауырлап, өзіңді дел-сал сезінуің мүмкін. Оятқыш қоятын уақытты дұрыс есептеу үшін ұйқының ретті құрылымы бар екенін есте сақтау қажет. Әр цикл 90 минутқа созылады. Яғни, орташа есеппен түнгі уақытта адам 4 немесе 5 осындай бір жарым сағаттық ұйқы циклын бастан кешеді.

Ең бастысы, циклдің орта тұсында оянбауға тырысу қажет. Бұл ретте ояну сәті төртінші немесе бесінші циклға дөп келе, ол маңызды емес. Ал цикл бұзылған жағдайда, адам күні бойы маужырап жүреді, жұмысқа қабілеті, көңіл-күйі төмендей ді.

Сонымен, ұйықтамас бұрын ұйықтау уақытын циклдарға бөлу қажет. Мәселен, сағат 12-де ұйықтасаңыз, оятқышты төрт жарым, алты, жеті жарым немесе тоғызға қою қажет. Бұлай ояну физиологиялық тұрғыдан дұрыс болып табылады. Нәтижесінде метаболикалық үрдістер бұзылмайды, адамға күні бойы сергек, белсенді жүруге мүмкіндік береді. Сондықтан егер үш-ақ сағат уақытыңыз болса, оларды сауатты пайдаланып, күшіңді толықтай қалпына келтіріп, жақсы тынығуыңа болады.

Айтпақшы, сомнологтар мүмкіндік болса, күндіз аздап көз шырымын алуды ұсынады. Бұдан нерв жүйесі мен ми тынығады. Күндізгі ұйқы когнитивтік мүмкіндіктерге оң әсер етіп, белсенді жұмыс істеуге жәрдемдеседі, деп жазады Росбалт.