AZAL әуе апатында қаза тапқан жолаушылардың туыстарына көңіл айтты
АСТАНА. KAZINFORM – «Әзербайжан Хава Йоллары» (AZAL) Ақтау қаласының маңында Embraer-190 ұшағының апатқа ұшырауы салдарынан қаза тапқан жолаушылардың туыстарына көңіл айтты, деп хабарлайды АЗЕРТАДЖ ақпарат агенттігі.
- Бүгін AZAL үшін өте ауыр және қайғылы күн. Ақтау қаласына жақын жерде Embraer-190 ұшағы апатқа ұшырап, қаза тапқан жолаушылар мен экипаж мүшелерінің отбасылары және жақындарына қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз. Олардың азабы – біздің дертіміз. Зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуін тілейміз, - делінген AZAL хабарламасында.
Айта кетейік, Таңертең Ақтау қаласының маңында Әзербайжан астанасы Бакуден Грозныйға бағыт алған ұшақ апатқа ұшырады.
Ұшақ бортында 69 адам болған. Олардың арасында қазақстандықтар да бар. Қазір адамдарды құтқару-іздестіру жұмыстары жалғасып жатыр.
Еліміздің Төтенше жағдайлар министрлігі ұсынған соңғы мәліметке сәйкес, апаттан аман қалған 29 зардап шеккен жан ауруханаға жеткізілді, оның ішінде 2 бала бар.
Қайғылы жайттан кейін Әзербайжанда 26 желтоқсан Аза тұту күні болып жарияланды.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұшақ апатынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Президент тапсырмасына сәйкес Үкімет комиссиясы Ақтаудағы ұшақ апаты орнында жұмысын бастады.
Одан бөлек, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиевтің тапсырмасы бойынша оқиғаның мән-жайын тергеу үшін мемлекеттік органдардың өкілдері Қазақстанға аттанды. Олардың қатарында Цифрлық даму және Көлік министрі, Төтенше жағдайлар министрі, Бас Прокурордың орынбасары, Денсаулық сақтау министрінің орынбасары, Мемлекеттік азаматтық авиация агенттігі директорының орынбасары, AZAL вице-президенті мен басқа да тиісті мемлекеттік органдардың өкілдері бар.
Сонымен қатар әуе апаты болған оқиға орнынан видео жарияланды.
Қайғылы оқиғаға бей-жай қарамаған елордалықтар ұшақ апатынан зардап шеккен жандарға көмек ретінде жаппай қан тапсырып жатыр.
Сондай-ақ астаналықтар Қазақстандағы Әзербайжан елшілігінің алдына гүл шоғын қойып, қайғыға ортақтасуда.
Өз кезегінде әзербайжандық БАҚ өкілдері қазақстандықтарға алғыс айтып жатыр.
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев Ақтаудағы ұшақ апатынан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтты.