«Азалы кітаптың» 9-ыншы басылымы Жаңалық қорымында жатқан жазық­сыз құрбандардың есімдерін жаң­ғыртуға арналды

АСТАНА. 16 наурыз. ҚазАқпарат - Қазақстан «Әділет» тарихи-ағарту қоғамы «Азалы кітаптың» 9-ыншы басылымын шығарды.

«Азалы кітаптың» 9-ыншы басылымы Жаңалық қорымында жатқан жазық­сыз құрбандардың есімдерін жаң­ғыртуға арналды

«Азалы кі­таптың» бұл шығарылымы қызыл террор кезеңінде Алматы қаласы маңындағы  «Жаңалықтағы» қорымда жатқан жазық­сыз құрбандардың есімдерін жаң­ғыртуға арналып отыр. Бүгін астанадағы Ұлттық мұрағатта 9-ыншы басылымның таныстырылымы болып, тұсауы кесілді.

Ста­лин кезіндегі зұлмат жылдары сан мыңдаған жазықсыз азаматтар саяси қуғын-сүргінге ұшырағаны белгілі. Тек Қазақстанда «Үлкен террор» жылдары 120 мыңдай адам «ха­лық жауы» ретінде сотталып, оның 25 мыңдайы атылды. Ал ең көп мөлшердегі ату жазасы сол кездегі республика астанасында жүзеге асырылған екен. 1937-1946 жыл­дары атылған 4 121 адам  ауылы Жаңалық маңындағы қорым­ға көмілген. Сондықтан да кітап тұтастай Жаңалыққа арналып отыр. Шығарушылардың айтуынша, жазықсыз құрбандар көмілген Жаңалық - ең үлкен қорым. Шығарушылар ең алғаш бұл жұмысты қолға алғанда, осыншама адамды қамтитындықтарын тіпті де ойламағанын айтады.  Олардың зерттеуіне сүйенсек, мұнда тіпті, бір америка­лық неміс, сондай-ақ қытайлық­тар, ирандықтар, т.б. бар болып шыққан. Әйткенімен, көпшілігі орыстар, украиндар, немістер мен қазақ­тар. «Азалы кі­таптың» 9-ыншы шығарылымы сол Жаңалықта жатқан жазықсыз құрбандардың есімдерін жаң­ғыртып отыр.

Кітаптің алғысөзін жазған Ұлттық ғылым академиясының академигі Мұрат Баймаханов, тұсаукесер барысында елімізде «халық жаулары» ретінде репрессияға ұшырағандардың басым бөлігі ұмытылып бара жатқанын атап өтті.  Ал мынадай басылым бір жағынан жазықсыз марқұмдарды есте қалдыру болса, екінші жағы­нан құны зор саяси еңбек, та­рих­тың шындығына ха­лықтың көзін ашады.  

Кітапта 1937-1946 жылдар аралығында атылып, сосын Жаңалық ауылы маңындағы қорымға тасталған 4 121 адамның қысқаша мәліметтері беріледі. Онда аты, туған жылы мен жері, қызмет түрі, айыпталған Қылмыстық кодекстің бабы, атылған күні беріліп отыр.