Азамат Әмрин келер жылы кірістердің негізгі өсім факторларын атады

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылы республикалық бюджет кірістері 2,9 трлн теңгеге артады. Бұл туралы Мәжілісте Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты.

Азамат Әмрин келер жылы кірістердің негізгі өсім факторларын атады
Фото: Kazinform

«Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжамы негізінде 2025-2027 жылдарға арналған бюджет пен Ұлттық қор параметрлерінің болжамы қалыптастырылды. Республикалық бюджет кірістерін есептеу кезінде өткен жылдың нақты орындалуы және осы жылдың алты айы бойынша бағалау қорытындылары негізге алынды. Бұл ретте, кірістер 2025 жылы 15,6 трлн теңге немесе жалпы ішкі өнімге 10,4 пайыз деңгейінде болжанады. Осы жылдың бағалауымен салыстырғанда өсім 2,9 трлн теңгені құрап, 2027 жылға қарай 18,2 трлн теңгеге дейін немесе 16,4 пайызға өсуі күтіледі», - деді Азамат Әмрин.

Вице-министрдің дерегінше, 2025 жылы кірістердің негізгі өсуі келесі факторларға байланысты болжанады:

1,5 трлн теңге – макроэкономикалық көрсеткіштердің өзгеруі;

1,3 трлн теңге – салықтық және кедендік әкімшілендіруді жақсарту;

595 миллиард теңге – қосылған құн салығын қайтару сомасын азайту;

306 миллиард теңге – салық салынатын мұнай экспорты көлемінің ұлғаюы;

78 миллиард – теңгенің АҚШ долларына бағамының өзгеруі.

«Салық түсімдерінде ең үлкен үлесті қосылған құн салығы, корпоративтік табыс салығы алады. Қосылған құн салығының ағымдағы жылғы бағалаумен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге артуы номиналды жалпы ішкі өнімнің өсімінен және салықтық әкімшілендіруді жақсарту есебінен болжанады. Корпоративтік табыс салығы бойынша өсім мұнай емес сектордың жалпы қосылған құнының өсуі және салықтық әкімшілендіруді жақсарту есебінен 1,8 трлн теңгегі құрайды. Халықаралық сауда және сыртқы операцияларға салынатын салықтардың 276 миллиард теңгеге ұлғаюы негізінен мұнайға экспорттық кедендік баждың өсуі есебінен болжанады. Салықтық емес түсімдер 435 миллиард теңге мөлшерінде айқындалды», - деді ол.

Оның айтуынша, осыны ескере отырып, республикалық бюджеттің теңгерімін кірістер базасы есебінен қамтамасыз ету үлесі 2025 жылы 63,7 пайызды, 2026 жылы 75,0 пайызды және 2027 жылы 76,9 пайызды құрайды.

«Жалпы, егер мемлекеттік бюджет ауқымында қарайтын болсақ, жергілікті бюджет кірістері бойынша оң динамика байқалады. Асыра орындалуы 2023 жылы 660 миллиард теңге; 2024 жылы 800 миллиард теңгеден астам көлемде бағаланады. Бұл соңғы жылдары жүргізіліп жатқан өңірлердің өзін-өзі қамтамасыз етуін арттыруға бағытталған шаралардың нәтижесі саналады», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар
Референдум