Азамат Әмрин салықтар мен төлемдер санын 20 пайызға қысқарту жолдарын атады
АСТАНА. KAZINFORM – Бірыңғай жер салығы жеке табыс салығына ауыстырылмақ. Бұл туралы бүгін Мәжілісте жаңа Салық кодексінің жобасын таныстырған Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин айтты.
«Айтарлықтай фискалдық қайтарымы жоқ төлемдер алынып тасталады, кейбіреулері біріктіріледі. Бізде тек 12 салық бар. Олар халықаралық тәжірибеге сәйкес келеді. Шаруа және фермер қожалықтарынан алынатын бірыңғай жер салығы ғана табыс салығымен мәндес. Сондықтан бірыңғай жер салығын жеке табыс салығына ауыстыру ұсынылады. Шаруалар мен фермерлер үшін жеңілдікті режимнің өзі сақталады. Тек төлем кодының атауы өзгереді. 11 төлемнен үшеуін алып тастау ұсынылады. Бұл – табиғи ерекше аймақты пайдаланғаны үшін, сыртқы жарнаманы орналастырғаны үшін және жекелеген қызмет түрлерімен айналысқаны үшін лицензияларды пайдаланғаны үшін төлемдер», - деді вице-министр.
Оның дерегінше, 3 төлемді біріктіру ұсынылады. Олар жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін, орманды пайдаланғаны үшін және жануарлар дүниесін пайдаланғаны үшін төлемдер. Яғни, осылар біріктіріліп, табиғи ресурстарды пайдалану үшін төлем болады.
«Жалпы, төлем мөлшерлемелер саны 77-ге қысқарады. Алымдардың 6 түрін қысқарту ұсынылады. Олар бойынша мөлшерлемелердің 34 түрі алынып тасталады. Сондай-ақ мемлекеттік баждардың 5 түрі алынып тасталады, олар бойынша мөлшерлемелер 51-ге қысқартылады. Бұл салықтар мен төлемдер санын 20 пайыздан астамға қысқарту міндетін орындауға мүмкіндік береді», - деді Азамат Әмрин.