Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Азамат Айтқожин «Астана» футбол клубының үндеуіне қатысты: Айыптылар жазаланады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан футбол федерациясының Бас хатшысы Азамат Айтқожин Премьер-лиганың 17-турында қостанайлық «Тобылмен» өткен ойыннан кейін «Астана» футбол клубының жасаған мәлімдемесіне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Азамат Айтқожин «Астана» футбол клубының үндеуіне қатысты: Айыптылар жазаланады

«Бүгін, 9 шілде күні Төрешілер комитетінің отырысы өтеді. Жиында Данияр Сахи бастаған төрешілер тобының қызметі сараланып, қорытынды шығарылады. Төрешілердің жұмысында біржақты шешім қабылдағаны байқалатын болса, онда айыптылар жазаланады. Сонымен қатар, Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитеті «Тобыл» - «Астана» матчының қатысушыларының тәртібін қарап, шешім шығарады. Олардың да кінәсі болған жағдайда санкция қолданылуы мүмкін», - деп келтіреді Азамат Айтқожиннің сөздерін ҚР футбол федерациясы.

Атап өтілгендей, «Тобыл» мен «Астана» арасындағы ойынның негізгі сәттері Қазақстан футбол федерациясының Әдеп комитетінің алдағы отырысында да қаралатын болады.

«Қазақстан футбол федерациясы комиттерінің жұмысы мачтардың мәртебесіне қарамастан үзіліссіз қызмет атқарып келеді. Сол себепті футбол клубтарының мұндай сәттерді медиа-кеңістікке шығарып, қоғамды дүрліктірудің қажеті жоқ деп санаймын», - деді ол.

Еске салайық, 5 шілде күні Қостанайдағы Орталық стадионда "Астана" - "Тобыл" матчы өткен болатын. Ойын 0:0 есебімен тең аяқталды. 

Алайда, кейін «Астананың» ресми сайтында аталмыш клубтың спорттық директоры Александр Коночкиннің үндеуі жарияланды. Коночкин бұл кездесуде төрелік алдын ала кесіп-пішілгенін атап өтті. Сондай-ақ «Астанаға» қарсы сөз байласудың анық-қанығын ашу үшін күш құрылымдары ведомстволарын іске қосатынын айтты.

Клубтың спорттық директоры Қызыордадан келген басты арбитр Данияр Сахи мен оның көмекшілерінің біліксіздігін тайға таңба басқандай етіп дәлелдейтін матчтан видеоүзінділер дайындап қойғанын мәлім етті.  

«Біз Қазақстан футбол федерациясы мен Қазақстанның кәсіпқой футбол лигасына хат дайындап, кездесудің басты арбитрі Данияр Сахидің және оның көмекшілері - Сергей Васютиннің (Алматы) және Сергей Калачевтің (Атырау) әрекеттеріне баға беруді сұраймыз. Төрелік етуші бригаданың жұмысы алдын ала кесіп-пішілгенін болжайтындай бізде барлық негіз бар. Біз Қазақстандағы матчтарда қызмет ету құқығынан Данияр Сахиді шеттетуге күш салып, сонымен бірге аталмыш реферимен үшінші тұлғаның келіскені туралы күдігіміз дәлелденсе күш құрылымдарын іске қосамыз», - деген болатын А.Коночкин.