Азамат Есқараев Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының басшысына «Апорт» ұсынды

None
Фото: ҚР Әділет министрлігінің баспасөз қызметі
ЖЕНЕВА. ҚазАқпарат – Әділет министрі Азамат Есқараев Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының басшысына «Апорт» ұсынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Әділет министрі Азамат Есқараев 5 шілде күні Женева қаласында Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының бас директоры Дарен Тангпен кездесті. Министр Қазақстанның географиялық көрсеткішін насихаттау және ілгерілету мақсатында кездесуге қатысушыларға «Апорт» шырынды алмасының дәмін татуды ұсынды. ДЗМҰ өкілдері алманың дәмі мен хош иісін бағалап, олардың жоғары сапасы мен бірегейлігін атап өтті.

Географиялық көрсеткіш – белгілі бір географиялық аймақтарда өндірілетін өнімдер үшін тиімді қорғаныс және артықшылық құралы. «Апорт» алма сортын географиялық көрсеткіш ретінде тіркеу бірқатар артықшылықты қамтамасыз етеді.

Ең алдымен, бұл – бірегейлікті қорғау. Географиялық көрсеткіш Қазақстанның нақты өңірінің белгілі бір табиғи және климаттық жағдайларына байланысты «Апорт» алмасының бірегей сипаттамалары мен сапасын қорғауға мүмкіндік береді. Бұл басқа жерде өсірілген алмалар үшін «Апорт» атауын теріс пайдалануға жол бермейді.

«Апорт» алма сортын географиялық көрсеткіштер тізіміне қосу осы сорттың нарықта танылуын арттыруға ықпал етеді және тұтынушылардың сенімін арттырады. Олар «Апорт» алмасының түпнұсқалығы мен сапасына сенімді болады және өнімді географиялық көрсеткіші бойынша оңай анықтай алады.


Сонымен қатар, географиялық көрсеткішті қорғау және ілгерілету ауылдық жерлерді дамытуға, жұмыс орындарын құруға, сондай-ақ халықаралық нарықта өнімді жылжытуға ықпал етеді.

Әділет министрі А. Есқараев «Апорт» алма сортын географиялық көрсеткіштер тізіміне енгізу ауыл шаруашылығын дамытуда және өндірушілерді қолдауда маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бұл бастама экономикалық өсуді, туризмді дамытуды ынталандырады, өндірушілердің құқықтарын қорғайды және Қазақстанда алманың бірегей сорттарын дамытуды қолдайды.


Соңғы жаңалықтар