Азаматтар бір өтініш жазу арқылы бірнеше мемлекеттік қызмет ала алатын болады - заң жобасы

АСТАНА. 5 желтоқсан. ҚазАқпарат - Бүгін ҚР Парламенті Сенатының Экономикалық даму және кәсіпкерлік комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы талқыланды.
None
None

  Мемлекет басшысының жолдауын жүзеге асыру мақсатында заң жобасына Мәжілістің бір топ депутаттары бастама жасаған болатын. Бұл ретте Елбасы 2012 жылдың аяғына дейін әлеуметтік маңызы бар мемлекеттік қызметтердің 60 пайызын, оның ішінде лицензиялаудың барлық түрлерін электрондық нысанда көрсетілуін қамтамсыз етуді тапсырған болатын. Ал қолданыстағы заңнамаға сәйкес, әлеуметтік маңызды қызмет жеке және заңды тұлғалардың әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қамтамсыз етуге бағытталған мемлекеттік қызметтер болып табылады.

Заң жобасына бастама жасаушылардың айтуынша, құжат бойынша әлеуметтік маңызды мемлекеттік қызметтердің мерзімдерін қысқарту қарастырылады. Халықтан талап етілетін қажетті құжаттар тізбесі мен саны да қысқарады. Бұл ретте құжаттардың 102 түрі қысқартуға түседі. Сонымен қатар, біртекті мемлекеттік қызметтер топтық қызметтерге біріктіріледі. Соның арқасында азаматтар бір өтініш жазу арқылы бірнеше мемлекеттік қызмет ала алатын болады. Балаларға арналған жәрдемақыларды тағайындау және төлеу бойынша мемлекеттік қызметті халыққа қызмет көрсету орталықтарына немесе «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы алу тәртібі нақтыланады.

Құжат алдағы уақытта палатаның жалпы отырысына шығарылады.

Соңғы жаңалықтар