Азаматтар діни білім мен мәліметтерді еліміз үшін дәстүрлі болып саналатын ақпарат көздерінен алуы маңызды - К. Тышхан
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазіргі қоғамымызда ақпараттық технологиялардың жетістіктері саналатын әлеуметтік желілер арқылы көптеген мүмкіндіктер ашылуда. Соған байланысты қазіргі ел азаматтары, әсіресе жастар мен жасөспірімдер бұл қызметті тұрақты пайдаланады. Ақпараттардың тез тарауына мұрындық болып отырған осы желілер арқылы әртүрлі мазмұндағы бейнероликтер немесе үндеулер, хабарламалар да таралып жатады.
Осы орайда дінтанушы Кеңшілік Тышхан еліміздің азаматтарын, қазақ жастарын діни ілімді дұрыс жолдан іздеуге шақырды. «Кейбір азаматтар діни мазмұндағы ақпараттарды кездейсоқ жіберсе, кейбір ақпараттар жоспарлы түрде таратылады. Сол арқылы адамдар бір-бірімен танысып, көзқарастарын бөлісіп, біртекті ұстанымдағы адамдар бірігіп топ құрып жатады», - дейді ол.
«Алайда, көптеген белгісіз ақпараттар мен хабарламалар азаматтарымыздың діни көзқарасын қалыптастыруға бағытталған. Олардың ішінде ең белсенді таралып отырғаны еліміз үшін дәстүрлі емес болып саналатын діни ұйымдар мен топтардың, тіпті экстремистік, теріс сенімдік мәліметтер деуге болады. Сондықтан қазіргі діни жаңғыру, дінге оралу кезеңінде кейбір азаматтарымыздың бұрыс бағыттағы діни көзқарасқа байқамай бет бұрып, діндарлар арасында көптеген түсініспеушіліктерге, қайшылықтарға, кейде әсіредіншілдік (радикалдық) формадағы қимылдарға себеп болып отыр. Осы себепті, дін жолына, имандылық жолына бет бұрғысы келетін, не болмаса діни сауатын жетілдіргісі келетін азаматтар, жастар діни білім мен мәліметтерді еліміз үшін дәстүрлі болып саналатын ақпарат көздерінен алуы барынша маңызды», - деп атап өтті К. Тышхан.
Оның айтуынша, діни тақырыпта сенімді әрі білікті мәліметтерді таратып отырған ақпарат көздері Қазақстан мұсылмандар діни басқармасына тиесілі сайттар мен мерзімдік басылымдар болып табылады. Олардың қатарында «e-islam.kz», «muftiyat.kz», «muslim.kz», «azan.kz», «islam.kz, сияқты белді интернет сайттары бар
«Діни көзқарастарымыз бен бағытымыздың сенімді ақпараттардан мәлімет алуы, діни біртұтас пікіріміздің қалыптасуы еліміздің рухани тұрақтылығы мен бірлігі үшін, әрі рухани қарыштап дамуымыз үшін аса маңызды болып табылады. Сондықтан әрбіріміз өзімізге, сенімімізге, отбасымызға, жақынымызға жауапкершілікпен қарайық», - дейді дінтанушы Кеңшілік Тышхан.