Азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту жеткіліксіз - сенатор

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Сенаттың жалпы отырысында 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы бойынша Үкіметінің және Жоғары аудиторлық палатаның есептері тыңдалды. Осы орайда сенатор Амангелді Есбай әлеуметтік саладағы қаражаттың игерілуіне қатысты жасалған талдауды жариялады.

Амангелді Есбай
Фото: senate.parlam.kz

- 2025 жылы Республикалық бюджеттің әлеуметтік шығыстары мемлекеттің азаматтар алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындауға және әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталып, 10 трлн 333,7 млрд теңге құраған. Атқарылу 98,7%-ды құрап, 125,1 млрд теңге игерілмеген. Халықты әлеуметтік қорғауда жауапты министрлік бюджетті 99,9% (5 трлн 935,3 млрд теңге) игерген. Алайда, нысаналы индикатордың орындалмауы орын алған. Мәселен, субсидияланған жұмыс орындарынан кейін азаматтарды тұрақты жұмыспен қамту жеткіліксіз болып, жоспарланған 70%-дың орнына нақты көрсеткіш 54%-ды құраған. Қаржыландыру көлемінің артуы мен қоғамдық жұмыстарға тартылғандардың көбеюі де жағдайды өзгертпеген, - деді А. Есбай.

Оның айтуынша, қоныс аударушылар мен қандастарды жұмыспен қамту шараларына тарту көрсеткіші 1,2%-ға төмендеген.

- Денсаулық сақтау саласының бюджеті 95,1%-ға орындалып (2 трлн 549,2 млрд теңге), 124,8 млрд теңге игерілмей қалған. МӘМС жүйесіне жеңілдік берілген санаттар үшін 124,5 млрд теңге көлеміндегі мемлекеттік жарнаның аударылмауынан салада кредиторлық берешек өскен, - деді депутат.

Оның сөзіне қарағанда, оқу-ағарту саласына 748,4 млрд теңге бағытталып, орындалу 99,8 пайызды құраған. Дегенмен, саланың даму тұжырымдамасы мен даму жоспары Бюджет кодексіне қайшы, міндетті жария және сараптамалық талқылауларсыз бекітілген. Мемлекет басшысы жарияланған «Жұмысшы мамандықтары жылында» ТжКБ саласына 80,1 млрд теңге бөлінгенімен, 2 077 педагогке қажеттілік бар. Студенттік жатақханалардағы орын тапшылығы 6340 орынды құрайды, ал мемлекеттік колледждердің 48% ескірген жабдықтарды пайдаланады. Бұл кадр даярлау сапасының төмендеуіне және түлектердің еңбек нарығы талаптарына толық сәйкес келмеуіне әсер етуде.

- Ғылым және жоғары білім бюджеті 99,7%-ға орындалды, 107,6 млн теңге игерілмеген. Ғылымды дамытуға 219,7 млрд теңге бөлінгенімен, ғылымның ЖІӨ-дегі үлесі белгіленген 1% деңгейіне де жетпеген. Ғылыми зерттеулерді жоспарлау мен іске асыруда конкурстық рәсімдердің уақтылы жүргізілмеуі салдарынан 19,7 млрд теңге игерілмеген. Жалпы құны 1,9 млрд теңге болатын 7 ғылыми жоба мерзімінен бұрын тоқтатылып, қайтарылуға тиіс қаражаттың бір бөлігі өтелмеген, - деді сенатор.

Амангелді Есбай 2025 жылы туризм және спортқа 153,5 млрд теңге бағытталғанын, орындалу деңгейі 97,6% болғанын айтты. Дегенмен, туристік салада инфрақұрылымның жеткіліксіздігі мен дестинацияларды ілгерілетудің әлсіздігінен 2 негізгі ұлттық индикатор орындалмаған. Ішкі туристер саны жоспарланған 9,5 млн адамның орнына 8,7 млн адамды, ал келуші туристер саны 2,5 млн адамның орнына 1,4 млн адамды құраған.

Бұған дейін Мәжілістің жалпы отырысында 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов есеп бергенін жазған едік.