Азаматтардың 75 пайызы дінаралық қатынастар бойынша мемлекеттік саясатты қолдайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстанда халықтың 85 пайызы еліміздегі діни ахуалды жағымды бағалайды, ал олардың 75 пайызы дінаралық қатынастар бойынша мемлекеттік саясатты қолдайды.
None
None

Бүгін Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті мен Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің көшпелі отырысында Мәдениет және спорт вице-министрі Марат Әзілханов осылай мәлімдеді. Еске салайық, отырыста діни толеранттылық пен конфессияаралық келісімді нығайту мәселелері талқыланған болатын.

Вице-министрдің айтуынша, еліміздегі діни ахуал тұрақты сипатта болып отыр. Мемлекеттік-конфессионалдық және конфессияаралық қатынастардың сындарлы формасы даму үстінде. Мәселен, бүгінгі күні еліміздегі түрлі дін және конфессиялар өкілдері арасында тиімді өзара байланыс орнаған. «Ағымдағы жылы жүргізілген әлеуметтік сауалнамалар мәліметтері бойынша сұралған азаматтардың 85 пайызы еліміздегі діни ахуалды жағымды деп бағалаған. Сонымен қатар, азаматтардың 75 пайызы дінаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты қолдайды. Осы мәліметтердің өзі дін саласында қабылданып жатқан діни жағдайды тұрақтандыруға жәрдемдесетін мемлекеттік саясаттың тиімділігін көрсетіп отыр», - дейді М. Әзілханов.

Сонымен қатар, вице-министр қоғамдағы діннің рөлі артқан сайын кейбір адамдар тобының діни өмірінде теріс қырлары да байқалатынын атап өтті. «Соның ішінде азаматтардың ішінара радикалданған көзқарас үдерістері байқалды, қазақстандық қоғамның рухани негізіне жік салатын діни экстремизм фактілері белгілі болды. Өкінішке қарай, халықаралық террористердің радикалды үндеулеріне берілген жекелеген қазақстандықтар түрлі жол тауып Сирия мен Ирактағы қақтығыс аймақтарына аттанды», - деді вице-министр.

Соңғы жаңалықтар