Азаматтардың барлық зейнетақы жинақтары Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына 1 шілдеге дейін шоғырлануы тиіс - Қ.Келімбетов
АСТАНА. 6 ақпан. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Қайрат Келімбетов Елбасының осы жылы 23 қаңтарда өткен Үкіметтің кеңейтілген жиынында акцияларының 100 пайызы Ұлттық банкке тиесілі Мемлекеттік жинақтаушы зейнетақы қоры базасында салымшылардың жеке зейнетақылық шоттарын Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры ретінде біріктіру туралы тапсырмасы жөнінде толық мағлұмат берді.
Бұл туралы ҚР Премьер-Министрінің ресми сайты хабарлады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының меншік иесі ҚР Үкіметі болады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру жинақтаушы зейнетақы жүйесінің принциптеріне еш әсер етпейді. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорында да жеке жинақтаушы шоттар жүйесі сақталады.
Міндетті зейнетақы салымдарының барлық түрлері бойынша олардың біртұтастығы бойынша мемлекеттік кепілдік сақталады.
Азаматтардың зейнетақылық жинағын аудару толық түрде жүзеге асырылады.
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын құру - зейнетақылық жинақтың мемлекет меншігіне өтуі деген сөз емес, зейнетақылық жинақ азаматтардың өз меншігінде болмақ.
Зейнетақылық жинақ Ұлттық банкте сақталады (Ұлттық Банк банк-кастодиан болады).
Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорын Ұлттық банк БЖЗҚ басқару кеңесінде бекітілген инвестициялық стратегияға сәйкес басқарады. Кеңестің жеке құрамын ҚР Президенті бекітеді.
БЗЖҚ зейнетақы активтерін инвестициялау диверсификация, оның табысының қажетті деңгейде болып, біртұтастығын қамтамасыз ету принциптері бойынша жүзеге асырылады.
Қазіргі ЖЗҚ өз жұмыстарын инвестициялық портфельді басқарушылар (заң бойынша зейнетақылық активтерді басқару лицензиясын инвестициялық портфельді басқару лицензиясына ауыстыру мүмкіндігі беріледі) немесе ерікті түрдегі жинақтаушы зейнетақы қорлары басқарушылары ретінде жалғастыра береді.
Осы іс-шараларды жүзеге асыру үшін ҚР 8 кодексі мен 22 заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізілуі тиіс, алдағы айларда ол іс-шаралар жасалынбақ.
Азаматтардың барлық зейнетақылық жинақтары Жинақтаушы зейнетақы қорына 01.07.2013 дейін шоғырлануы тиіс.