Азаматтардың мәліметтерін анықтау үшін барлық сайлау учаскелері ХҚО-мен тікелей байланыс орната алады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Азаматтардың мәліметтерін анықтау үшін барлық сайлау учаскелері ХҚО-мен тікелей байланыс орната алады. Бұл туралы бүгін ҚР Сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлім етті.

Азаматтардың мәліметтерін анықтау үшін барлық сайлау учаскелері ХҚО-мен тікелей байланыс орната алады

Оның айтуынша, сайлаушылардың тізіміне және оның дұрыстығына үлкен мән берілуде.

«Бұл міндет барлығымызға да маңызды. Бірақ біз биыл сайлаушылардың тізіміне қатысты өте тиянақты жұмыстар атқардық. Осының арқасында сайлау комиссияларына берген уақыт бойынша және 2015 жылы 1 қаңтардағы жағдай бойынша сайлаушылардың тізімі 200 мың адамға артты», - дейді ол.

«Екіншіден, егер сайлаушы өзінің аты-жөнін тізімнен таба алмаса, өзінің салғырттығынан сайлау учаскесін білмесе, біз әрбір учаскеде ХҚО-лармен тікелей байланыс орнаттық, олар сайлау комиссиясының құзырлы тұлғасының сұрауы бойынша, оған мекенжай анықтамасын береді. Онда оның қай жерде дауыс беру құқығы бар екені де көрсетіледі. Мұндай байланыс барлық 9 741 учаскеде орнатылған. Ол сынақтан өтті. Сайлау учаскесіне келген әрбір сайлаушы дауыс беру құқығына ие», - деп атап өтті ол.