Азаматтардың өтініштеріне салғырттық танытқан 600-ге тарта лауазым иесі жазаға тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2013 жылы Қазақстанда азаматтардан түскен өтініштердің қаралу мерзімін бұзғаны үшін 590 шенеунік әр түрлі жауапкершілікке тартылды.

Азаматтардың өтініштеріне салғырттық танытқан 600-ге тарта лауазым иесі жазаға тартылды

Бұл туралы бүгiн Астанада ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің төрайымы Сәуле Айтбаева мәлiм еттi.

«Өз кезегінде қадағалау органы ретінде комитет пен оның аумақтық органдары мемлекеттік органдарға берілген өтініштердің қаралу мерзіміне тұрақты түрде мониторинг жасап отырады. Мысалы, осындай мониторинг арқылы 2013 жылы мемлекеттік органдарда 13 556 өтінішті қарау мерзімінің бұзылғаны анықталған. Бұл келеңсіз жағдайға байланысты 550 прокурорлық қадағалау актісі енгізілді, нәтижесінде 590 адам жіберген кемшіліктері үшін әр түрлі жазаға тартылды. Олардың ішінде 3-уіне сыбайлас жемқорлығы үшін қылмыстық, 25-іне әкімшілік жаза қолданылды», - дейді комитет басшысы.

Оның айтуынша, қалалық әкімдіктер, әлеуметтік қамсыздандыру және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласындағылар азаматтардың сұрауына өте кеш жауап қайыратын мемлекеттік органдар болып отыр.