Азаматтарға әлеуметтік көмек 2,5 есеге артады – «Amanat» партиясы
«Amanat» партиясының сайлауалды бағдарламасы шынайы түрде халықпен бірге жазылды. Біз осы күнге дейін ел-елді аралап, 1 млн-ға жуық азаматпен тікелей кездестік. Кездесу барысында елдің ішіндегі қымбатшылық, жұмыссыздық және бір азаматтың 1 отбасын күнделікті табысымен асырап отырғанын көрдік. Әрине, мұндай мәселе елімізде бар. Бірақ, осы мәселелерді шешуді тек қана «Amanat» партиясы іске асыра алады деген ойдамын. Осы күнге дейінгі барлық мәселені біз популистік ұрандармен емес, керісінше әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан қарастырып отырмыз. Ең біріншіден, «Amanat» партиясы ретінде әділетсіздікті жоюымыз қажет. Олигополияға жол бермей, ондағы барлық мәселені бірге талқылауымыз керек деп есептеймін. Жемқорлық түбімен жойылуы тиіс. Сонымен қатар әр отбасының, әр азаматтың табысын арттыруға атсалысумыз қажет. Әр отбасының табысын арттыру үшін біз лайықты жалақыны ілгерілетеміз. Сонымен қатар 100-деген кәсіпорын ашамыз», - деді партия хатшысы.
Оның атап өтуінше, әр адам мемлекеттің қамқорлығында болуы керек.
«Азаматтарға әлеуметтік көмек 2,5 есеге артатын болады. Әрбір азаматтың, оның ішінде ауыр өнеркәсіпте жүрген азаматтардың зейнет жасын төмендетуге атсалысамыз. Қазақстанда әрбір бала бақытты болуы тиіс. Сәбилеріміз 100 пайыз балабақшамен қамтамасыз етілуі қажет. Апатты жағдайдағы, үш ауысымды мектептерді түбегейлі жоюымыз керек. Мұнан бөлек, жастарға жаңа мүмкіндіктер береміз. Біріншіден, 1,5 млн жасты жұмыспен қамтимыз. Екіншіден, студенттік шәкіртақыны 2 есеге арттырамыз. Жастардың жатақхана мәселесін түбегейлі шешеміз. Жастарға мүмкіндігінше көмек көрсетеміз», - деді Елнұр Бейсенбаев пікірсайыс барысында.
Еске сала кетейік, «Qazaqstan» ұлттық арнасының тікелей эфирінде Мәжіліс сайлауына қатысатын 7 саяси партия өкілдерінің арасында өткен пікірсайыс бірер сағат бұрын аяқталды. Оған «Amanat» партиясынан Елнұр Бейсенбаев, «Ауыл» халықтық демократиялық партиясынан Жигули Дайрабаев, Respublica партиясынан Сырымбек Тау, Қазақстан Халық партиясынан Асхат Асылбеков, «Байтақ» жасылдар партиясынан Азаматхан Әміртаев, «Ақ жол» демократиялық партиясынан Берік Дүйсембинов, ал Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясынан Нұрлан Әуесбаев қатысты.