«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы балалар суреттері конкурсының қорытындысын шығарды
Салтанатты марапаттау кезінде Дариға Назарбаева осындай дарынды балаларды тәрбиелегендері үшін олардың ата-аналарына алғыс айтып, мерекелік іс-шараға қатысушылардың барлығын Астана күнімен құттықтады.
Ең үздік суретшілер үш санат бойынша таңдалды: 7 жасқа дейінгі балалар, 7 жас пен 11 жас аралығындағы және 11 жас пен 15 жас аралығындағы балалар. Бірінші, екінші және үшінші орындардың сыйлықтары Алматы, Қостанай, Павлодар, Атырау, Қызылорда облыстарының, сондай-ақ СҚО және ОҚО еншісінде кетті. Ал балалар суреттері конкурсының гран-приі Ақмола облысынан келген 5 жасар Диас Карамкасов пен 8 жасар Даяна Ыдырысоваға және қарағандылық 12 жасар Анель Имишоваға бұйырды.
«Конкурсанттардың жалпы санынан жеңімпаздарды анықтау өте қиын болды. Қатысушылар сурет салудың кез-келген техникасы - гуашпен, акварельмен, қарындашпен, фломастермен салынған суреттерді ұсынған. Барлық жұмыстар ашық бояулы және қызықты болды. Біздің конкурстың мақсаты - балаларды Отанына деген сүйіспеншілік пен патриоттыққа тәрбиелеу болып табылады», - деді «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорация» КЕ АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Оршыбеков.
Астана күні құрметіне балаларға мерекелік демалыс ұйымдастырылды. Балалар Тұңғыш Президент мұражайында, ҚР ұлттық мұражайында, мұхитаралда, джунглиде, "Атамекен" этно-мемориалды кешенінде болып, «Бәйтерек" монументі алаңынан астанамыздың орталығына шолу жасады.
Еске салсақ, мемлекеттік корпорация «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК, «Жылжымайтын мүлік орталығы» РМК, «Зейнетақы төлеу бойынша мемлекеттік орталық» РМҚК және «Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК - 4 кәсіпорынды қайта құра отырып, жұмысын осы жылдың 11 сәуірінен бастаған болатын. Бүгінгі таңда корпорация Қазақстан бойынша 20 мыңнан астам қызметкердің басын біріктірді.